Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасағандарға химиялық кастрация жазасы босатылуға алты ай қалғанда қолданылатын болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 1 қазандағы бұйрығымен мәжбүрлі медициналық сипаттағы шараларды қолдану тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қолсұғушылық қылмысы үшін сотталғандарға химиялық кастрация жазасы бостандыққа шығуға алты ай қалғанда қолданылатын болады.
Құжатқа сәйкес, бұл мәжбүрлі шара 18 жастан асқан адамдарға соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде қолданылады. Жаза мерзімін өтеу орындарында немесе амбулаторлық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады (егер сотталған адамға басқа жаза түрі тағайындалған болса).
Мекеме әкімшілігі жаза мерзімі аяқталуға 12 ай қалғанда сотқа сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін материалдарды жіберуге міндетті. Бұл сараптама психикалық ауытқулардың немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа бейімділіктің бар-жоғын анықтауға бағытталған.
Аталған ережелер психикалық бұзылыстары бар, бірақ есі дұрыс деп танылған адамдарға тағайындалған мәжбүрлі медициналық шараларға қолданылмайды.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.