ПЕН клубтың бас жүлдесі «Тар кезең» романына бұйырды
ПЕН клубтың бас жүлдесі «Тар кезең» романына бұйырды
Өткен аптада Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақ ПЕН клуб мүшелері 2016 жылды қорытындылады. ПЕН клубтың бас жүлдесі «Тар кезең» тарихи романы үшін белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлына берілді.
Ұлттық кітапханада өткен конференцияда ПЕН клуб президенті Бигелді Ғабдуллин әдеби ұйымның 2016 жылғы атқарған жұмыс туралы баяндама жасады. «Өткен жылы Нью-Йорктегі беделді баспадан (Metropolіtan Classіcs) осы әдеби ұйымның тапсырысы бойынша Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Смағұл Елубаевтың «Ақ боз үй», Олжас Сүлейменовтің «Сөз коды» кітаптары жарық көрді. Өкінішке қарай, Әбіш ағамыз романым ағылшын тілінде шықса ғой деп жүр еді, көре алмай кетті», – деді Бигелді Ғабдуллин. Сондай-ақ, ПЕН клуб президентінің айтуынша жас жазушылардың шығармашылығына арналған «Нақты қадам» атты жаңа прозалық шығармалар жинағы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген. Сонымен қатар, ағылшын тіліне аударылған еңбектер АҚШ-тың іргелі кітапханасына, Қазақстанның мәдениеті мен тілі оқытылатын университеттер мен колледждеріне, орталық баспаларға, Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне және еліміздің БҰҰ-дағы өкілдігіне арнайы шығарылған басылымдар табыс етілген.
Сондай-ақ, ПЕН клубтың қазақ секциясының жетекшісі, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп баспасөзде жарияланған ПЕН клуб мүшелерінің шығармашылығы туралы баяндама жасады. «Өткен жылы «Жұлдыз» журналына Серік Байхоновтың «Алып пен Қалып» атты эссе-элегиясы жарық көрді. Формалық жаңалығымен өзгешеленген шығарма халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейіс адами болмысы мен қаламгерлік қырын жақсы ашып көрсеткен. Өткен жылы Герольд Белгердің әңгімелер жинағы Лондонда жарық көрді», – дейді. Сондай-ақ, ПЕН клубтың белсенді мүшелерінің қазақ қоғамында қордаланған мәселелерге қатысты батыл пікірлер айтып жүргендігін де атап өтті.
Қазақ ПЕН клубының биылғы жылдың лауреаттары марапатталды. Абай атындағы сыйлық белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезовке, Ю.Казаков атындағы сыйлық Шұға Нұрпейісоваға табысталды. Ал ПЕН клубтың бас жүлдесі белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романының орысша басылып шыққан нұсқасына берілді. Романды белгілі орыс жазушысы, Мәскеудегі «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхин тәржімалаған. Естеріңізде болса, Сырым Датұлы тұлғасы мен өміріне арналған «Тар кезең» тарихи романының авторы 2014 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған болатын.
ПЕН клубтың биылғы дәстүрлі жиынына қазақ әдебиетінің екі бірдей корифейі жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейіс пен ақын Олжас Сүлейменов қатысып, ПЕН клубтың беделді мәдени институтқа айналғанын айрықша атап өтіп, оң бағаларын берді. Бұдан бөлек, конференцияда Қазақ ПЕН клубының вице-президенті болып Нұртөре Жүсіп пен Фархат Тамендаров сайланды.