Оралда 45 жастағы әйелдің өлімі үшін оның отбасы ауруханадан моральдық өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2022 жылдың наурыз айының соңында әйел жедел инфекциялық ауру диагнозымен ауруханаға жатқызылған. Ем көмектеспей, пациенттің жағдайы нашарлап, бір аптадан кейін көз жұмған.
Марқұмның анасы мен әпкесі сот арқылы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан және ауруханадан моральдық шығынды өтеуді талап етті. Олар туысының өліміне дәрігерлердің қызметтік міндеттерін адал орындамауы мен медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзуы себеп болды деп санайды. Сондай-ақ, олар үш жылдан бері қайғы-қасіретте жүргендерін атап өтті.
«Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің жүргізген тексерісі науқасты диагностикалау, емдеу және бақылау барысында көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Емдеуші дәрігер медициналық көмек көрсету стандарттарынан ауытқып, кәсіби міндеттерін тиісінше орындамаған, сонымен қатар медициналық құжаттаманы бұрмалаған», – деп хабарлады сотта.
Әкімшілік сот үш дәрігерді тәртіптік жауапкершілікке тартты. Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының №2 соты аурухананы марқұмның отбасына 3 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді.