Маңғыстау облыстық экология департаменті «Шетпе тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты экологиялық заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында, жоспардан тыс тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде серіктестіктің Маңғыстау ауданы аумағындағы «Жаңа Орпа-2» кен орнында қиыршық тас өндіру қызметін қоршаған ортаға эмиссияларға арналған экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырып келгені анықталды.
— Тексеру қорытындысы бойынша тексеру актісі жасалды. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Экологиялық кодекстің 178-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар экологиялық заңнаманы бұза отырып, қызмет жүргізетін субъектілердің қызметін шектеу, тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап-арызды сотқа беруге құқылы.
Осыған орай, Маңғыстау облыстық экология департаменті тарапынан «Шетпе тас» ЖШС-нің Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті маңындағы «Жаңа Орпа-2» кен орнында 15.12.2006 жылы жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырып отырған қызметін тиісті экологиялық рұқсат алынғанға дейін тоқтата тұру туралы талап арыз Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолданған.