Ақмола облысында жас жігіт әріптесін өлтіріп, орманға көміп тастаған

Бүгін, 17:33 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақмола облысында алқабилердің қатысуымен қасақана адам өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлігі) дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Айыпталушы – 22 жастағы жігіт, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жұмыстан кейінгі жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды

Сотта анықталғандай, 2025 жылдың мамыр айында айыпталушы У. мен оның әріптесі К. жұмыстан кейін У.-дың көлігімен үйге қайтып келе жатқан. Жолда екеуінің арасында жанжал шығып, олар гараждардың маңында тоқтап, жанжалдың нүктесін қоймақ болған.

К. жерден пышақ алып, оны сермей бастаған. Сол сәтте екеуінің арасында арпалыс болып, У. әріптесін мойнынан қысып тұншықтырған, кейін пышақты тартып алып, мойын тұсына бірнеше соққы жасаған.

Қылмысты жасыру әрекеті

Оқиғадан кейін У. марқұмның денесін орманға жаққа апарып көмген. Кейін көліктегі қан іздерін жою үшін автожуу орнына барып, салонды тазартқан.

Бір аптадан соң ол өз еркімен полицияға келіп, болған оқиғаның барлық жай-жапсарын айтып, мәйітті жасырған орынды көрсеткен.

Сот У.-ды кінәлі деп танып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жаза мөлшерін белгілегенде сот өз еркімен келіп мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Сот шешімімен айыпталушыдан өндірілді:

жәбірленушінің кәмелетке толмаған балаларына 7 млн теңге моральдық зиян өтемақысы;

марқұмның әкесіне 7 млн теңге;

материалдық шығын мен өкілдік шығындарды өтеу үшін 1,5 млн теңге.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

 

 

Тэгтер:

Ақмола облысы Сот үкім