«Сол жақ жамбасы ісінген, сіңірі созылған»: Дастан Сәтпаевтың құрама ойындарына неліктен қатыспайтыны белгілі болды

Бүгін, 15:25 / Інжу Әлихан
instagram/"Қайрат" ФК

«Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Қазақстан құрамасының алдағы ойындарына не себепті қатыспайтыны белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қайрат» командасының ардагері Құралбек Ордабаев Дастан Сәтпаевтың жарақат алғанын мәлімдеді.

«Соңғы матч алдында Дастан өзін жайсыз сезінген, бірақ командаға көмектескісі келіп, ешкімге тіс жармаған. Соған қарамастан, ол толық ойын өткізіп, тіпті гол да соқты. Бірақ матчтан кейін ауырсыну күшейіп, ол медициналық штабқа жүгінуге мәжбүр болды. Тексеру нәтижесінде сол жақ жамбас бұлшықетінде шамамен төрт сантиметрге жуық ісіну, сіңірдің созылуы, микрожарықтар анықталды. Бұл жас ағза үшін айтарлықтай жүктеме, сондықтан дәрігерлер оған клуб базасында қалып, қалпына келу курсынан өтуді ұсынды. Клуб бұл мәселені құраманың медициналық штабымен келісіп, жағдай туралы ресми түрде хабарлады. Өкінішке қарай, бұл жолы Дастан ұлттық құрамаға көмектесе алмайды.

Жігіттеріміз ешқашан құрамадан бас тартпайтынын атап өткім келеді. «Қайрат» футболшылары үшін Қазақстан намысын халықаралық деңгейде қорғау — әрдайым үлкен мәртебе мен мақтаныш болған. Сондықтан дәл қазір ең маңыздысы — Дастанның толықтай сауығып, жаңа күшпен оралуы. Ол әлі де клубқа да, ұлттық құрамаға да көмек көрсете алады», — деді ардагер.

Тэгтер:

Дастан Сәтпаев