Британ боксшысы кіші-Крис Юбенк Конор Беннмен кездесуі аяқталғаннан кейін Терэнс Кроуфордпен, Сауль «Канело» Альвареспен немесе Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізу мүмкіндігін қарастыратынын аңғартты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Юбенк пен Бенн 15 қарашада «Тоттенхэм Хотспур» стадионында реванш өткізеді. Олардың алғашқы айқасы сәуір айында өтіп, 36 жастағы Юбенк қазылардың бірауыздан қабылданған шешімімен жеңіске жеткен еді. Жаңа жекпе-жек күзгі британ боксының басты оқиғаларының біріне айналады деп күтіледі.
Юбенктің айтуынша, ол кез келген ірі айқастарға дайын және мүмкін емес қарсылас жоқ деп санайды. Ол жақында Сауль Альваресті жеңген, екінші орта салмақтағы абсолютті чемпион Терэнс Кроуфордпен кездескісі келетінін атап өтті. Сондай-ақ британдық боксшы мексикалықтың соңғы жеңілісіне қарамастан, «Канеломен» жекпе-жек те өзіне тартымды екенін айтты.
Соңғы апталарда орта салмақтағы бұрынғы чемпион Геннадий Головкиннің рингке қайта оралуы қызу талқыланып жүр.
«Неге болмасын? Ол — бұл спорттың аңызы. Егер жанкүйерлер осындай жекпе-жекті көргісі келсе — білмеймін, қалайды ма, жоқ па, бірақ қаласа, міндетті түрде рингке шығар едім», — деді Юбенк.
Бірнеше жыл бұрын қазақстандық боксшы кіші-Юбенкпен жекпе-жек өткізуге жақын болған, енді британдық былғары қолғап шебері келіссөздерді қайта жаңғыртуға ниетті.