Арыстанның 11 жастағы балаға шабуыл жасаған сәті видеоға түсіп қалды

Бүгін, 22:12 / Өтей Торғайұлы

Таиландта жекеменшік үйде заңсыз ұсталған бір жасар арыстан шынжырдан босап, 11 жастағы балаға шабуыл жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бақылау камералары жануардың көшеге атып шыққан сәтін түсіріп алған. Бұл жергілікті тұрғындар арасында дүрбелең туғызды. Балалар қаша жөнелген, бірақ арыстан олардың бірін қуып жетіп, жерге құлатып, ауыр жарақаттаған.

Балаға 43 жастағы көршісі Саравут Токаэо көмектескен. Ер адам абдырамай, жыртқыштың қасына жүгіріп барып, оны бірнеше рет басынан ұрып, баланы босатып алғанша әрекет еткен. Артит те, оны қорғаштаған көршісі де жарақат алды, бірақ аман қалды. Шабуылдан кейін арыстан өз иесі 32 жастағы Паринья Паркпумға қайтып барып, иесі жануарды дереу алып кеткен.

Келесі күні оқиға орнына Таиландтың Ұлттық парктер, жабайы табиғат және өсімдіктерді қорғау департаментінің қызметкерлері келді. Арыстанға ұйықтататын дәрі егілді және ветеринарлық тексеріске жеткізілді. Иесіне жабайы табиғатты сақтау туралы заңның 15-бабын, яғни қауіпті жануарларды ұстау ережелерін бұзғаны үшін айып тағылды. Бұл бұзушылық үшін 1 300 долларға дейін айыппұл және алты айға дейін түрме жазасы қарастырылған.

Паринья кінәсін мойындап, жапа шеккендерден кешірім сұрады және барлық медициналық шығындарды өтеп беруге уәде етті. Ол арыстанды ұстап тұрған шынжырдың үзілгенін байқамай қалғанын түсіндірді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, арыстан бұған дейін де екі рет үйден қашып шыққан, бірақ ол кезде ешкімге шабуыл жасалмаған.

Тэгтер:

шабуыл арыстан