Силикон қалыптар денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін – Канада зерттеушілері

Бүгін, 19:50 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Күнделікті қолданылатын силиконнан жасалған пісіру қалыптары денсаулыққа зиян болуы ықтимал. Канаданың Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген жаңа зерттеу барысында бұл ыдыстардың құрамындағы химиялық қосылыстардың тамақ пен ауаға бөлінетіні анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар 25 түрлі силикон қалыпты зерттеп, олардың құрамында цикликалық силоксан деп аталатын заттардың мөлшері жоғары екенін анықтады: бір грамм материалда 680-4300 микрограммға дейін. Тәжірибе үй жағдайына ұқсатып жүргізілді: 177°C температурада бір сағат бойы пісіру кезінде май мен құм қоспасы тағам үлгісі ретінде пайдаланылды.

Нәтижесінде, тағамға өткен силоксан мөлшері орташа есеппен 105 мкг/г болған. Ал ауаға тараған газдар мөлшері бір пісіру барысында куб метрге шаққанда 646 микрограммға дейін жеткен. Дегенмен, пісіру аяқталған соң олардың деңгейі тез төмендейтіні байқалды.

Зерттеу көрсеткендей, химиялық заттардың бөлінуі қалыптың түріне, беткі аумағына және тағамдағы майдың мөлшеріне тікелей байланысты. Қайта-қайта пайдаланған сайын бұл көрсеткіш азаяды, себебі материалдағы силоксан қоры сарқылады.

Ғалымдарды ең қатты алаңдатқан жайт – балаларға төнетін қауіп. Себебі олардың дене салмағы аз, ал ингаляция мен тағам арқылы химиялық әсер ету үлесі жоғары.

Дегенмен, зерттеушілер әзірге бұл заттардың нақты уыттылығы туралы мәлімет жеткіліксіз екенін мойындап отыр. Сондықтан мамандар қосымша зерттеулер қажет екенін, тек содан кейін ғана силикон қалыптарының қауіп деңгейін нақты бағалауға болатынын айтты.

Тэгтер:

денсаулық зерттеу зиян силикон қалып