Мысырдың Луксор қаласында 20 жылдан астам уақытқа созылған ауқымды реставрация жұмыстарының нәтижесінде ежелгі перғауын III Аменхотептің қабірі туристерге қайта ашылды. Бұл туралы елдің Жоғарғы ежелгі ескерткіштер кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Исмаил мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Б.з.д. XIV ғасырда билік құрған III Аменхотеп – ежелгі Мысырдың ең ықпалды және табысты перғауындарының бірі. Оның алып қабірі әйгілі Патшалар аңғарының батыс жағалауында орналасқан. Қабір алғаш рет 1799 жылы табылғанымен, кейін мародерлер саркофаг пен басқа да құнды заттарды тонап кеткен.
Жапон мамандарының жетекшілігімен жүргізілген қалпына келтіру жобасы үш кезеңнен тұрды. Мамандар ежелгі қабырғалардағы фрескаларды, перғауын мен оның жұбайлары Тийе және Ситамонның бейнелерін жаңартты. Исмаилдың айтуынша, саркофагтың негізі мен оның тарихи орны ерекше сақталған.
Қабірге кіретін негізгі дәліздің ұзындығы 36 метр, ол шамамен 14 метр тереңдікке түседі. Архитектуралық кешен негізгі жерлеу камерасынан және екі қосымша бөлмеден тұрады, олар патшайымдарға арналған.
Бүгінде туристер бұл ерекше археологиялық орынды өз көзімен көре алады.