Түркістан облысының Келес аудандық сотында даму ерекшелігі бар 24 жастағы жігітті зорлау ісі аяқталуға жақын. 6 қазанда айыпталушылар соңғы сөздерін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға туралы 2025 жылдың наурызында «НеМолчи.kz» қорының жарияланымдарынан белгілі болды. Ұйымның мәліметінше, ақыл-ой дамуы 4 жастағы баланың деңгейіне сәйкес келетін жігіт бірнеше жыл бойы немере ағалары мен көршілерінің зорлығына ұшырап келген.
Жәбірленушінің анасы қылмысқа алты адамның, соның ішінде кәмелетке толмағандардың да қатысы бар екенін мәлімдеген. Алайда айыпталушылар орындығында тек үшеуі – жәбірленушінің кәмелетке толған немере ағалары отыр.
Оларға тағылған айыптар:
Сот процесі жабық түрде өтуде. Екі ағасына Қылмыстық кодекстің 121-бабы 2-бөлігінің 1 және 4-тармақтарына сәйкес бірнеше рет топпен зорлау айыбы тағылған.
Үшінші айыпталушыға – топпен зорлау және ұрлық (121-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы, 188-бап) баптары бойынша айып тағылған.
Бұған дейін прокурор олардың әрқайсысына 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Айыпталушылардың соңғы сөзі:
Жәбірленушінің адвокаты Гүлайхан Тұрсуманованың айтуынша, айыпталушылар соңғы сөздерін айтып, барлық дәлелдерге қарамастан, кінәларын мойындамаған.
«Үшеуі де зорлық-зомбылық жасағандарын жоққа шығарады, бірақ олардың бірі ұрлық дерегі бойынша кінәсін мойындады. Жәбірленуші алғашқы күннен бастап бірдей әрі дәйекті куәлік беріп келеді. Прокурор бірнеше рет: “Сен расымен шын айтып тұрсың ба, олар сені шынымен зорлады ма?” – деп нақтылаған. Ал жігіт әр жолы “иә, шындықты айтып тұрмын” деп жауап берген. Зорлық бір-екі ай емес, әлдеқайда ұзақ уақыт жалғасқан», – деді адвокат.
Оның айтуынша, прокурор сұраған жаза тым жеңіл, себебі баптың санкциясы 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
«Менің ойымша, 9 жыл – аз. Біз әрқайсысына 12 жылдан беруді сұрадық. Егер айыпталушылар кінәсін мойындап, жәбірленушінің отбасы оларды кешірсе, онда ең төменгі мерзім жайлы айтуға болар еді», – деді Тұрсуманова.