Қазақстандағы қарыз мәселесі: қоғам бейнесі мен экономикаға ықпалы

Бүгін, 15:15 / Дана Ізтілеуова
istockphoto.com

Кейінгі жылдары Қазақстанда қарыз тақырыбы қоғам назарындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Азаматтардың несиеге тәуелділігі тек қаржылық жағдайды ғана емес, елдегі әлеуметтік ахуалды да айқын көрсетіп отыр. Несие алу – қаржы жүйесінің табиғи тетігі болғанымен, қарыз мәдениетінің қалыптаспауы оны азаматтарды тығырыққа тірейтін құралға айналдырады. Бұл мақалада жеке қарыздың өсу динамикасы, оған ықпал ететін әлеуметтік факторлар және «Қарызсыз қоғам» сияқты бастамалардың тәжірибесі сарапталады.

Жеке қарыздың өсу динамикасы

Қазақстанда несие бүгінде жай ғана қаржылық құрал емес, қоғамның әлеуметтік ахуалын айнадай көрсететін құбылысқа айналды. Көптеген отбасы үшін ол тұрмыстық тапшылықты жабудың амалсыз жолы болып отыр. Қаржылық сауаттылықтың төмендігі, табыс теңсіздігі және инфляцияның күнделікті қысымы азаматтарды қарызға жүгінуге итермелейді.

2024 жылдағы деректерге сүйенсек, елдегі тұтынушылық несиелердің көлемі 12,9 трлн теңгеге жетіп, банктердің несие портфелінің 38 пайызын құрады. Қарыз алушылар саны 8,6 миллионнан асқан. Бұл қазақстандықтардың жартысына жуығы қаржылық жүйемен тікелей байланыста екенін аңғартады.

Берешектің құрылымы қоғамдағы әлеуметтік жіктелісті де ашып көрсетеді. Ірі қарыздардың үлесі – жалпы көлемнің 65 пайызы, бірақ оны халықтың небәрі 20 пайызы ғана рәсімдей алған. Керісінше, қарыз алушылардың басым бөлігі – шамамен 5,3 миллион адам (60 %) – 1 млн теңгеге дейінгі шағын несиеге тәуелді. Бірақ олардың жиынтық берешегі бар-жоғы 15,8 пайызға тең. Бұл теңсіздік табыс айырмашылығының тереңдігін көрсетеді.

Орта есеппен алғанда, қазақстандық отбасылар бюджетінің 6,9 пайызы несие төлеуге жұмсалады. Бір қарағанда бұл аса ауыр жүктеме емес. Алайда кез келген экономикалық күйзеліс – инфляцияның күшеюі, жұмыссыздықтың өсуі – осал топтарды күрделі жағдайға итермелеуі мүмкін. Сондықтан қарыздың өсу динамикасы тек сандар емес, қоғамдағы әлеуметтік теңгерімнің қаншалықты нәзік екенін айғақтайды.

«Қарызсыз қоғам» тәжірибесі

Қарыз мәселесін тек заңнамалық шектеулер арқылы шешу мүмкін емес. Көп жағдайда түйткіл халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігінен бастау алады. Осыны ескеріп, 2023 жылы «AMANAT» партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Бұл бастама алғашқы кезде партиялық әлеуметтік жоба ретінде пайда болып, кейін мемлекеттік органдар мен ірі банктердің қолдауымен кең көлемді бағдарламаға айналды.

«AMANAT» партиясы жобаны үйлестіріп, оған қаржы нарығын реттеу агенттігі, Halyk Bank, Bank CenterCredit, Forte Bank, Eurasian Bank және басқа да банктерді серіктес ретінде тартты. Партияның негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы қарыз жүктемесін азайту, алдағы уақытта қарыз алушыларды табыс табуға бағыттау. Осы мақсатпен «Қамқоршы AMANAT» қоғамдық қоры құрылып, ауылдық жерлерде кооперативтер құру, агросауат орталықтарын ашу сияқты бастамалар іске қосылды.

Жоба азаматтарға қаржылық білім беруді, қарыз шарттарын түсіндіруді және құқықтық көмек көрсетуді көздейді. Онлайн платформалар арқылы пайыздық мөлшерлемелерді есептеу, қарызды басқару, банкроттық рәсімдері мен коллекторлармен қарым-қатынасқа арналған бейнесабақтар ұсынылды. Заңгерлік курстар болса, электронды қолтаңба рәсімдеуден бастап соттан тыс банкроттыққа дейінгі маңызды тетіктерді түсіндіреді.

Бұл бастаманың алғашқы нәтижелері байқала бастады: қатысушылардың едәуір бөлігі қарыз жүктемесін азайтып, ай сайынғы төлемдерін қайта қарастырды. Елдегі төленбеген несие үлесінің 18 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеуі де осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін көрсетеді.

«Қарызсыз қоғам» жобасының нақты нәтижесін ресми статистикадан гөрі адамдардың өмірінен көруге болады. Әртүрлі өңірлерден шыққан азаматтардың тағдырлары бір-біріне ұқсас болғанымен, әрқайсысы қарыз дағдарысының қазақстандық қоғамда қандай сипат алғанын айқын көрсетеді. Бұл оқиғаларды бірнеше қырынан қарастыруға болады.

Отбасылық ауыртпалық

Семей қаласының тұрғыны, 38 жастағы көпбалалы әке Еділ Байсейітов бірнеше жыл бойы банктегі қарызын өтей алмай, жалақысының жартысы сот шешімімен ұсталып келген. Қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан ол банкпен ресми келіссөз жүргізе алмаған. Жобаға қосылған соң ғана қаржылық сарапшылардың көмегімен қарызы қайта құрылымдалып, ай сайынғы төлемі 15 мың теңгеге дейін қысқарды. Бұл жағдай қарапайым білімнің жетіспеуі отбасын ұзақ уақыт қарыз қақпанында ұстауы мүмкін екенін көрсетеді.

Жастардың тәуекелі

Қарыз мәселесі жас буынға да тән. Медициналық университет студенті Гүлім Қазытаева оқуын жалғастыру үшін бірнеше несие мен микроқарыз алып, ақырында қаржылық циклге түсіп қалды. Қарыздарын жабу үшін тағы қарыз алуға мәжбүр болған оған академиялық демалысқа кетуге тура келді. Сарапшылардың көмегімен «қарыз картасы» жасалып, МҚҰ алдындағы берешектер жабылды, банк несиелері қайта құрылымдалды. Ең бастысы – Гүлім қаржылық сауаттылық курстарынан өтіп, болашақта саналы шешім қабылдауға дайын болды. Бұл мысал жастардың тәуекелге бейімділігін және қаржылық білімнің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді.

Әйелдер мен әлеуметтік осал топтар

 

Жас аналардың тағдыры да қарыз қақпанынан тыс емес. Әлимира Қалижарова 1361 күн бойы микроқаржы ұйымынан алған қарызын өтей алмай, барлық есепшотына арест қойылған. Табысы төмен, отбасылық жүктемесі ауыр әйел үшін бұл толық тығырық еді. Сарапшылардың араласуымен нотариалдық орындау жазбасы жойылып, өсімпұлдар кешірілді. Бар болғаны бес күн ішінде ол толық қарызынан құтылды.

Ұқсас қиындықты тігіншілікпен айналысып, отбасын асыраған Жансая Кабдрахова да бастан кешірді. Жеті жыл бұрын алған қарызынан құтыла алмай, ресми жұмысқа орналасудан бас тартуға мәжбүр болды. Себебі оның жалақысы сот орындаушылары арқылы автоматты түрде ұсталып отырған. Сарапшылардың көмегімен арест алынып, жаңа төлем кестесі жасалғаннан кейін ғана Жансая отбасылық табысын тұрақтандыруға мүмкіндік алды. Бұл жағдай қарыздың адамдарды ресми еңбек нарығынан ығыстырып, көлеңкелі экономикаға итермелейтінін көрсетеді.

Ал Ақмола облысының көпбалалы аналары – Надежда Климова мен Айсулу Бакабекова – «банкроттық» рәсімі арқылы борышынан құтылды. Бірі жұмыссыз, екіншісі денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болған. Миллион теңгеден астам қарыз кешірілгеннен кейін олар жаңа өмір бастауға мүмкіндік алды. Өздерінің айтуынша, бұл олар үшін «екінші тыныс», «екінші мүмкіндік» болды.

Бұл оқиғалардың барлығы ортақ бір шындықты айғақтайды: қарыз – жай ғана қаржылық міндеттеме емес, ол адамның әлеуметтік жағдайына, кәсіби мүмкіндігіне, тіпті психологиялық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Жобаға қатысушылардың тәжірибесі қарыз мәдениеті қалыптаспайынша, қоғамның әлсіз топтары үнемі осындай тығырыққа тіреле беретінін дәлелдеп отыр.

 

Түйін

Қазақстандағы қарыз мәселесі – құрғақ статистикадан әлдеқайда кең құбылыс. Ол қоғамдағы табыс теңсіздігін, қаржылық сауатсыздықты және әлеуметтік әлсіздікті айқын көрсетіп отыр. Миллиондаған азамат үшін қарыз бүгінде күнделікті өмірдің тұрақтылығына ықпал ететін шешуші факторға айналған.

Осы жағдайдан шығу үшін қаржылық мәдениетті жүйелі дамыту, несиелік саясатты ашық ету және қолжетімді қолдау тетіктерін кеңейту қажет. «Қарызсыз қоғам» тәжірибесі көрсеткендей, тиімді саясат пен әлеуметтік бағдарланған бастамалар үйлесім тапқанда ғана Қазақстан қарыз ауыртпалығынан біртіндеп арылып, экономикалық әрі әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізе алады.

Г.Кәкімжанова

 

Тэгтер:

Қарызсыз қоғам