Қазақстанның халық әртісі Майгүл Қазтұрғанова дүниеден өтті

Бүгін, 14:43 / Інжу Әлихан
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Белгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Қазтұрғанованың дүниеден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.

Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан қайталанбас дауыс иесі, ұлт мақтанышы еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын әлемге танытты.

Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған Майгүл Ибрагимқызы өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті. Оның орындауындағы шығармалар ел жүрегінен орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды.

Өмірін ұлттық мәдениет пен руханиятқа арнаған абзал жанның адамдық болмысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ізгілігі кейінгі буын жастарға өшпес өнеге болып қала бермек.

Майгүл Ибрагимқызының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!», - делінген хабарламада.

Тэгтер:

Қазақстанның халық әртісі Майгүл Қазтұрғанова