Ұлықтаған ұстазын...

Ұлықтаған ұстазын...

Ұлықтаған ұстазын...
ашық дереккөзі
Ғұмырын  ғылымға арнаған Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеудің негізін қалаған біртуар тұлға, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Сәтбаевпен алғаш еңбек жолын бастаған Ақжан Машановтың туғанына 110 жылдығына арналған ғылыми кеңесті белгілі ғалым Маржан Нұрпейісова ұйымдастырды. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының ірге тасын қаласқан және оның корреспондент мүшесі, республика ғылымына зор еңбек сіңірген қайраткер, профессордың бүгінде ғылымы мен білімін жалғастырып келе жатқан бір топ шәкірттері ұйымдастырып жатқан шара кейінгілерге тәлім-тәрбие жолы дер едік. «Машановтың 110 жылдығына арнап, көлемі 28 баспа табақ монография жазып шығардық, –дейді профессордың шәкірті Маржан Нұрпейісова. – Ал «Машановтың ғылыми мектебі» деген ғұмырнамалық кітап Пекинде қытай тілінде жарық көрді. Ресей тау-кен ғылымдарының академиясы қайраткердің көп томдық еңбектеріне кірмей қалған орыс тіліндегі «Гармония недр» атты монографиясын, ал әл-Фараби атындағы ҚазМУ «Өнегелі өмір» серияларының кезекті санын дайындап жатыр», – деген Маржан Байсанқызы ұстазы алдындағы міндет-борышының қайтарымы сынды мерейтойға осылай атсалысып жатқанын мақтана әңгімеледі. «Ұстаздан оза туған шәкірт» Маржан Нұрпейісованың өз атқарған тірліктері де шаш-етектен. Ол – «Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері», «Еңбек ардагері», «Жер қойнауының құрметті барлаушысы, 2006 және 2011 жылдары «Қазақстан Республикасы ЖОО үздік оқытушысы» гранттарының иегері. Ол – Қ.Сәтбаев атындағы, сонымен қатар Ш.Есенов атындағы сыйлықтардың иегері атанып, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ғылымда жүрген, әсіресе техникалық салада жүрген санаулы ғалым қазақ қыздарының бірі – Маржан Байсанқызы 1960 жылы осы Қазақ политехника институтының тау-кен факультетін үздік бітіргендер қатарында. Институттан соң аспирантураға түсіп, ғылымға таза бет бұрған тұсында өзінің ұстазы, ғұлама ғалым Машановтың ізімен жүруді мақсат тұтқан алғыр шәкірт, профессор, академик дәрежесіне дейін көтеріліп, бүгінде Қазақстанның Экология академиясының, 2007 жылдан бері Ресей Федерациясы Тау-кен ғылымдары академиясының академигі. Алпыс жыл бойы өз университеттің ыстық-суығын көтеріп келе жатқан ғалымның жазу-сызуға деген құмарлығы да ерекше. «Көкшенің көлдеріндей тасып жүрем», «Қазағымның қыздары-ай», «Машановтың ғылыми мектебі», «Атамекен», «Мың тағзым», «Үш орта» атты көркем шығармаларын да қалың оқырман жылы қабылдады әрі етене таныс. Әсіресе, ұстазының ғылымдағы ісін жалғастырудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол елімізде геомеханика мектебінің негізін қалаған А.Машановтың шәкірті және оның ісін жалғастырушы ретінде, жылжу процесін болжаудың және пайдалы қазбаларды игерудегі геомеханикалық процестерді басқарудың ғылыми негіздерін жасап, тәжірибеге енгізген бірден бір ғалым. Осындай тыңғылықты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, атқарған еңбегінің жемісіндей болған шәкірттері де жетерлік. Ұстаздан алған ұлағатты тәлім-тәрбие мен ғылым-білімге деген құштарлығын бүгінде өз шәкірттерінің бойына сіңіре білген ұстаз-ғалымның жетекшілігімен 18 кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалыпты. Маржан Байсенқызының тағы бір ауыз толтырып айтар ерекшелігі де сол, ол ғылым тарихында техника ғылымдарының докторлық дәрежесін мемлекеттік тілде қорғаған тұңғыш маман-ғалым. Сондықтан да болар, техникалық салада ғылыми еңбектердің барлығы дерлік орыс тілінде болғандықтан, мемлекеттік тілдегі оқулықтармен шұғылданған да алғашқылардың бірі деуге әбден болады. Техникалық білім беру стандарттарына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде оқулықтар жазудағы жоғары сапалы және нәтижелі еңбегі үшін «Ең жақсы автор» ретінде А.Байтұрсынов атындағы төсбелгімен марапатталды. Осы ретте 300-ден астам ғылыми жұмыстары жарық көріп, оның ішінде 4 монография, 8 оқулық және оқу құралдары, 7 нормалық құжаттар, ҚР 12 патенттері мен алдын-алу патенттері бар екенін ескерсек, еліміздің тау-кен саласында қызмет етіп жатқан қаншама шәкірттері бар екенін біле беріңіз. Оның сабақ өткізу тәсілдері, лекция үстіндегі салмақты-салиқалы ойлары мен тұжырымдары ешбір студентті жалықтырмай, тіпті тоқсан минуттың да жетпей жататынын айтатын, айтып жүрген шәкірттері де жетерлік. Студенттердің кешегі бала екенін, жасөспірім екенін ескерсек, ұстаздың салмақты мінезі мен салиқалы болмысы әйел әлемінде де, яғни отбасында да әдемі жарасым тапқан. Өз жұрты мен қайын жұрты да кешегі зобалаң жылдардың құрбаны болған Рахмановтар әулетінің ұрпағын жалғаған отбасында қалған жалғыз тұяқ – Шәріп те осы институттың түлегі болған. Әкесі Сәрсенбай Бекбасаров Курскідегі шайқаста мерт болып, жесір әйелдің жалғыз баласы соңғы курста оқып жүріп Қарағанды қаласында тәжірибеден өту кезінде №38 шахтада, жер астындағы көмір тиелген вагонетканың астына түсіп өндірістік жарақат алады да, ауруханадан бір аяқпен шығады. Араларындағы алапат сезім туған-туыстың қарсылығын жеңіп, Маржан қыз мүгедек жігітпен тағдырын қосады... Осындай тағдыр иесі, бойындағы қазақ қыздарына тән қайсарлығы, табандылығы тағылым демей көріңіз?! Жап-жас қайратты жігіттің осындай халіне өрімдей жастығын, болмыс-бітімін арнаған осындай аналарымыздың тірлігі, өз шаранасынан өзі жеріп жүрген бүгінгі «көкек» қыз-келіншектерге үлгі болары сөзсіз. Тектіліктің түп қазығы да осында болар, Шәріп ақсақалдың анасы жағынан жақын туыс болып келетін Асқар Тоқпанов диссертациялық кеңестің Ақжан Машанов бастаған мүшелерінің құлақ құрыштарын ән-жырмен қандырып, екі жастың басын қосқанына де талай жылдардың жүзі болыпты. Бір аяқтан айырылып, мүгедектік халіне қарамай қайсарлық танытқан, жүректі Шәріп ақсақал да техника ғылымдарының кандидаты, қызметтен бір күн, бір сағат қалып көрмеген зиялы азамат еді. Ата-анадан алған саналылықтың, зиялылықтың жалғасындай ұлдары Шәкір мен Асқар да ғылым докторлары, ал Жанайы инженер-геолог. Өсіп-өнген ұрпақтың берекесін асырып, өз немерелері ғана емес, әлі де еліміздің түкпір-түкпірінен білім іздеп келген жастарға айтары да, көрсетер өнегесі өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан да ұлғатты ұстаздан, жақсыдан алған тәлім-тәрбие, өмір сүру заңдылықтарын Машановтай ұлыдан бойына қалыптастыра білген, жалғастыра білген Маржан Нұрпейісова ғылымға сіңірген ұстаз еңбегін әлі талай насихаттап, үйрене-үйрете білуге қажыр-қайратын аямайтынын мақтана әңгімелейді. Ұстаз алдынан, қасиетті мектеп-институт-университет табалдырығынан өткен әрбір адам ұстазы алдындағы борышын осылай атойлап айта жүрсе, мүмкін ғұмырымыз бұдан да нұрлы, бұдан да жарқын болар ма еді?!.