Павлодарда жер қойнауын пайдалану үшін лицензиялар заңсыз ресімделген

Бүгін, 11:32 / Алуа Арман
istockphoto.com

Павлодар облысында прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде жер қойнауын өндіру рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырылып жатқаны анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мысалы, Баянауыл ауданында «IBM Gold» ЖШС осы жылдың басынан бері экологиялық рұқсатсыз алтын мен күміс өндірумен айналысқан.

Жер қойнауын заңсыз пайдаланған тағы 11 кәсіпорын анықталды.

8 жағдайда пайдалы қазбаларды өндіру жұмыстары келісімшарттық аумақтардан тыс жерлерде жүргізілген. Сонымен қатар, келісімшарттардың мерзімін заңсыз ұзарту фактілері де белгілі болды.

Аталған бағыттағы мемлекеттік бақылаудағы бұзушылықтар мен олқылықтар облыс прокуратурасының алқа отырысында талқыланды.

Отырысқа жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ экологиялық және салықтық бақылау органдарының басшылары қатысты.

Алқа қорытындысы бойынша бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының алгоритмі әзірленді.

Барлық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар, оның ішінде іс жүргізу шаралары қабылданатын болады.

Тэгтер:

жер қойнауын пайдалану лицензия Павлодар облысы