Қостанайда Mercedes автокөлігі жолдағы жұмысшыларды айналып өтпек болған сәтте сауда павильонына соғылды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол апаты кеше Абай даңғылында болған. Полицияның мәліметінше, көлікті 29 жастағы жүргізуші тізгіндеген. Ол жол белгісін салып жатқан жұмысшыларды айналып өтпек болып, көлікті басқара алмай қалған. Нәтижесінде көлік жол жиегінен шығып, сауда бутигіне соғылған.
«ЖКО салдарынан жолаушы зардап шекті. Сонымен қатар бутиктің кіреберіс бөлігі, металл қоршаулар мен жол белгілері зақымданды», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Медициналық сараптама жүргізушінің апат кезінде мас болмағанын анықтады. Полицияның хабарлауынша, ер адамның жүргізушілік өтілі небәрі бір жарым жыл, бірақ осы уақыт ішінде ол жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін сегіз рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері келтірілген залалдың мөлшерін және оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.