Дзюдошы Дана Әбдірова жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері атанды

Бүгін, 09:05 / Інжу Әлихан
Judo Team

Қазақстандық жас дзюдошы Дана Әбдірова дзюдодан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Перудің Лима қаласында басталған әлем біріншілігінде ол ел қоржынына алғашқы жүлдені салды.

Дана Әбдірова қыздар арасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жарыс барысында барлығы бес кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде Эльвира Гурьеваны (IJF), Коралина Сиенниканы (Польша) жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда Жапония спортшысы Уено Асукадан айласын асырса, жартылай финалда Андраде Жованнаны тізе бүктірді. Алайда отандасымыз финалда жапониялық жас дзюдошы Мио Шираканеге есе жіберді. 

Айта кетерлігі, дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатын Лимада (Перу) өтіп жатыр. Аталған додада әлемнің 65 елінен 463 жас татами шебері бақ сынауда.