Астанада бір пәтерге тіркелетін тұрғындар санына шектеу енгізілмек

Бүгін, 08:32 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

2025 жылдың 17 шілдесінде күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа заңы аясында елордада тұрғындарды бір пәтерге тіркеу лимиті енгізілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осы мәселеге байланысты Астана қаласы Есіл ауданы Полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ерлан Әкімов редакциямыздың ресми сауалына жауап берді.

Нормативтік құжат қандай сатыда?

Полиция подполковнигінің айтуынша, жаңа заң күшіне енгенімен, нақты шектеулерді бекіту жергілікті деңгейде жүргізіліп жатыр. Яғни, қазіргі уақытта мәслихаттар мен атқарушы органдар тиісті нормативтік актілерді әзірлеу үстінде. Қабылдану мерзімі өңірлік деңгейде анықталады.

Тіркеу лимиті қалай есептеледі?

Әзірге лимитті есептеуге арналған ресми формула бекітілмеген. Дегенмен, бейресми ұсыныс бойынша, бір адамға 15 шаршы метрден қарастырылуы мүмкін. Нақты талаптарды жергілікті мәслихаттар белгілейді. Бұл шектеулер пәтердің жалпы ауданына, бөлме санына және өзге де факторларға қарай есептеледі.

Туыстарға жеңілдіктер қарастырыла ма?

Жаңа жүйеде жақын туыстар — жұбайы, балалары, ата-анасы — үшін ерекше жағдай қарастырылған. Олар тіркеу лимитіне жатпайды. Ал бөгде адамдар үшін шектеулер қолданылады. Сонымен қатар жалған тіркеу деректері анықталған жағдайда шамамен 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Заң жобаларына пікір білдіру мүмкіндігі азаматтарға берілген. Қоғамдық талқылаулар “Ашық НҚА” порталы және жергілікті мәслихаттар арқылы жүргізіледі. Қала тұрғындары өз ұсыныстарын электронды түрде жолдай алады. Орынды ұсыныстар ескеріліп, тиісті құжаттарға енгізілуі мүмкін.

Пәтер иелеріне қандай өзгерістер болады?

Жаңа лимит енгізілген жағдайда пәтер иелері тіркеу кезінде белгіленген шектеуден артық адамды тіркей алмайды. Тіркеу барысында пәтердің ауданы мен бұрыннан тіркелген тұрғындардың саны ескеріледі. Бұл процесті бақылауды Ішкі істер министрлігі мен жергілікті әкімдіктер жүзеге асырады. Сонымен қатар тіркеу жүйелері жаңғыртылып, автоматтандырылуы мүмкін.

Айта кетсек, құжаттар мен нақты лимиттер жергілікті әкімдік және мәслихат шешімімен бекітіледі.