БҚО-да бопсалауға қатысы бар күдікті қамауға алынды

Бүгін, 07:23 / Нұрлан Әлинұр
Polisia.kz

БҚО-да полиция жастар арасындағы қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмысын жалғастырып келеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жастар арасында жасалатын қылмыстарды анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

— Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Атырау облысы тұрғынының БҚО тұрғынына қатысты қылмыс жасағаны анықталды. Биыл жаз айында күдікті жәбірленушінің пәтерінде болып, оны қорқытып, iPhone 15 телефонын иемденген. Ол қызды сол телефонды ломбардқа тапсыруға мәжбүрлеген. 500 мың теңге көлемінде ақша алған соң, күдікті оқиға орнынан қашып кеткен, — делінген ақпаратта. 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

— Жастар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жұмыстары БҚО полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында және бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасады, — деп жазды агенттік.