Қайырымдылық қорын құрған Лола Кәрімованың ізгі істері

Қайырымдылық қорын құрған Лола Кәрімованың ізгі істері

Қайырымдылық қорын құрған Лола Кәрімованың ізгі істері
ашық дереккөзі
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтің дүниеден озғанына тоғыз айдың жүзі болыпты. Одан бері екінші боп сайланған президент Шавкат Мирзиявтің «жүз күндігі» өтіп кетті. Бұрынғы  президент бақилық болғанда ботадай боздаған халық баяғыда сабасына түскен, тәуелсіздік игіліктерінің бәрі «тұңғышпен» бірге түгесілмейтінін анық түйсінген. Бірақ Өзбекстан жаңа президентпен бірге жаңару жолына түсті деудің де реті келмес. Кәрімовтің «мұрасы» саясатта да, күнделікті тұрмыста да қылаң беріп қалады. Тек жеке кәсіп иелерінің жағдайы қиындай түскен сияқты. Оның ішінде, бұрынғы президенттің күйеу баласының да басына күн туғандай, ал апалы-сіңлілі Кәрімовалардың бірінің дәурені өткен, ал екіншісі бұрынғы «әуенінен» жаңылар емес. Кәрімовтің қыздары дегенде, үлкен қызы Гүлнара Кәрімованың қазіргі тағдыры туралы мәлімет жоқтың қасы. Үш жылдан бері «үйқамақта» отыр деген дерек қана бар, бірақ өлі-тірісі белгісіз. Әсіресе, әкесінің жерлеу рәсімінде бой көрсетпеуі мұндай сыбысты одан әрі өршітті. Ал сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияев марқұм президенттің отбасына көңіл айтқанда, оның әйелі Тамараға және қызы Лолаға қарата сөз арнады. Гүлнараны ауызға алған да жоқ. Бұдан соң Гүлнара туралы суық сөз желдей есті. Оның ұлы, атасымен аттас Ислам Кәрімов былтыр қараша айында BBC телеарнасына берген сұхбатында өзбек билігіне: «Шешемнің тірі екенін білейік, бізге көрсетіңдер» деп үн қатты. Бірақ содан кейін де Гүлнара Кәрімованың қайда екені туралы тың ақпарат айтылған жоқ. Кезінде Өзбекстанды бір өзі билеп-төстеуге ұмтылған, тіпті «болашақ тақ мұрагері» атанған Гүлнараның тағдыры бұлай болады деп кім ойлаған? Әке қаһарына ұшыраған ерке қыздың ақыры осы болды. Есесіне, оның сіңлісі Лола Кәрімова-Тилляеваның басынан бағы тая қоймаған сияқты. Ол әлі де әлемдік брендтерден киім киіп, үріп ішіп, шайқап төгіп, өмір сүріп жатыр. Ислам Кәрімовтің екі қызының арасында көптеген ұқсастықтар бар. Мысалы, Гүлнара Өзбекстанның 2010-2012 жылдары Испаниядағы елшісі болса, Лола – Өзбекстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі. Гүлнара зергерлік бұйымдардың дизайнымен айналысса, Лола – әлемдік бренд атымен шыққан киім, көлік, қымбат бағалы заттарға әуес. Гүлнара кезінде Гарвардтың дипломын алғанын мақтанып айтатын (өз сөзіне қарағанда), ал Лола Ташкенттегі жоғары оқу орнында халықаралық құқық магистрі дипломын алған әрі психология ғылымдарының кандидаты. Гүлнара әншілік өнермен біраз әуестеніп, сахнада өнер көрсеткен болса, Лола белгілі кәсіпкер Тимур Тилляевқа тұрмысқа шығып, отбасылық істермен шұғылданды. Гүлнара кезінде «Өзбекстан мәдениет пен өнер форумы» атты үкіметтік емес қордың қамқорлық кеңесінің төрайымы болып, басқа да қоғамдық ұйымдардың жұмысына белсене атсалысқан болса, Лола – екі бірдей қайырымдылық қорды басқарып отыр. Гүлнара бірінші күйеуімен он жылдай Нью-Йоркта өмір сүріп, батыстық мәдениет пен тұрмыс салтын бойына сіңірсе, Лола өз отбасымен ұзақ жылдардан бері Женевада тұрады. Гүлнара кезінде «Твиттер» сияқты әлеуметтік желілерді өзінің саяси көзқарасын білдіру үшін барынша белсенді түрде қолданса, Лола қазір «Фейсбук» пен «Инстаграмды» өзінің жобалары мен жетістіктерін жарнамалау үшін пайдаланады. Екі Кәрімованың арасында көптеген ұқсастықтар бар. Тіпті өзара бәсеке, әлде жарыстың сарыны сезілетіндей... Екеуі де байлықты, аса бағалы бұйымдарды жақсы көреді, екеуінің де шетелде өте қымбат жылжымайтын мүліктері бар деседі... Ал екеуінің арасындағы анық қарама-қайшылық саясатқа деген көзқарастарында ғана сияқты. Гүлнара 2013 жылға дейін Өзбекстандағы бизнес және саяси элитамен қоян-қолтық араласып, мемлекеттік басқару амбициясын ашық аңғартса, Лола өзінің саяси қызметті көксемейтінін алға тартады. Лоланың ұтқан тұсы да осы. Гүлнараның  басынан бақ тайғаны неліктен? Швейцарияда 2013 жылы басталған сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа қатысты іс әлі тексеріс үстінде. Швейцария банктерінде Гүлнараның атында 800 миллион доллар ақша тұтқындалған деген дерек бар. Бірақ олардың арасында бауырмалдық байланыс жоққа тән. Лола Кәрімова 2013 жылы BBC арнасына сұхбат бергенде, Гүлнарамен он екі жылдан бері хабары үзілгенін жасырмай айтқан. Дәл сол жылы Гүлнара «Твиттерде» біраз отбасылық құпиялардың шетін шығарып, шешесі мен сіңлісін жақтырмайтынын көрсетіп алды. Ол Лола мен оның күйеуі Тимурдың өте бай тұратынын, шетелде қымбат виллалар сатып алып, қымбат көліктермен жүретінін, басқа да жұртқа айтыла бермейтін сырларды жайып салды. Гүлнара 2014 жылы үйқамаққа алынғанға дейін әулеттің өз ішінде, мемлекеттік істерде оның аты жиі аталатын. Ал былайғы жұрт Ислам Кәрімовтің екінші қызы Лоланың бар екенін есіне ала бермейтін. Себебі ол күйеуімен және үш баласымен Женевада тұрады, ал Өзбекстанға жылына екі-үш мәрте ғана келіп-кетіп тұрған. Тек Гүлнараның басынан бақ тайған соң, Лола «көлеңкеден» шығып, өзін танытуда батылырақ бола бастады. Ал әкесі өмірден озған соң, енді Кәрімовтер әулетінің бірден-бір өкілі ретінде абырой-беделін сақтап қалмаққа жанталасатын сықылды.  Кәрімовтің бірінші әйелінен Петр атты ұлы болғаны белгілі. Бірақ оның Ресейде тұрып жатқаны туралы сыбыс болмаса, ол да «президенттік отбасы» өмірінен тысқары қалған адам. Сондықтан бұрынғы президенттің бірден-бір «мұрагері» – Лола-қыз екені даусыз. Лола қазір өзін қайырымдылық істерге бір табан жақын жүретін адам ретінде танытуға тырысып-ақ жүр. Осыдан он төрт жыл бұрын ол Республикалық «Sen Yolg’iz Emassan» («Сен жалғыз емессің») атты қайырымдылық қор құрған. Бұдан басқа Республикалық балаларды әлеуметтік  бейімдеу орталығын ашуға мұрындық болған. Біріншісі жетім балаларға қамқорлық көрсетсе, екіншісі мүгедек балаларға және тұрмысы нашар отбасыларда өсіп жатқан балаларға көмек беруді көздейді. Енді міне, әкесі дүниеден қайтқан соң, Ислам Кәрімовтің атындағы қорды ашты. Бұл қор өзбек жастарының шетелдік оқу орындарында білім алуына қаржылай қолдау білдіреді. Ақпан айында Лола Кәрімова-Тилляеваның Парижде «The Best Award» сыйлығын алғаны жария болды. Жария болғанда, «Фейсбукте» сүйінші сұрап жазған Лоланың өзі. Ол бұл сыйлықтың өзіне «көп жылдар бойы қайырымдылық істермен айналысқаны үшін және Еуропада Өзбекстанның мәдениеті мен өнерін танытуға атсалысқаны үшін берілді» деп атап көрсетеді. Бірақ бұл сыйлықтың кілең бай-бағылан арасындағы кәде-сый сияқты ғана дүние екенін екінің бірі біле бермес. «Ферғана» агенттігі бұл сыйлықтың құрылтайшысы итальяндық Массимо Гарджиа екенін, ал оның бай да бақуатты әйелдерге жақын жүретінін жазады. Осыдан-ақ аталмыш сыйлықтың шын құнын аңдай беруге болар. Өткен айда Лола тағы бір пиар-акцияны жариялады: ол күйеуімен бірге «Ұлықбек» атты фильмнің продюсері болғанын хабарлады. Мұны Лоланың өзі 12 наурызда «Фейсбуктегі» парақшасында жариялаған. Фильмде еуропалық және өзбек актерлері ойнайды, оған қоса қазақ каскадерлері өнер көрсетеді деген ақпарат таратты. Әйтсе де, Лоланың жетім және мүгедек балаларға арналған жобалары нақты жүзеге асып жатқан шаруаларға ұқсайды. Өзінің әрбір қайырымдылық ісін телеарнада жарқырата көрсетуге құмар Гүлнарадай емес, Лоланың балаларға көрсетіп жатқан қамқорлығы біразға дейін елеусіз қалып келді. Өзінің айтуынша, оның екі қоры балаларға материалдық-қаржылық қолдау берумен ғана емес, олардың білім алуына, өмірде өз жолын табуына көмектеседі. Атап өтерлік бір жайт, Лола Өзбекстан жетімханаларындағы мүгедек балалардың тізімін, олардың ауруының барлық сипаттамасы жазылған дерекқордың түзілуіне мұрындық болған. Бұған дейін Өзбекстанда ондай мәлімет базасы жөнді қолға алынбаған екен. Лоланың ресми сайтының дерегіне жүгінсек, он төрт жылдың ішінде талай баланың арнайы білім беру орындарында білім алып, кәсіп игеріп, оған қоса екі жүздей баланың университетке түсуіне жағдай жасаған. Ал қайырымдылық істерге ол жеке қаражатын жұмсайтынын айтады. Сонысы ғана күмәнді.