Аймағамбетов педагогтердің жұмысындағы жаңашылдықтарды айтты

Бүгін, 16:25 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов депутаттар ұстаздар мәртебесі туралы заңға өзгертулер даярлап, оны үкіметке жолдағанын мәлімдеді.

Асхат Аймағамбетов Telegram-каналында ұстаздар туралы жазба қалдырып, ойын бөлісті. Мәжіліс депутаты мұғалім мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы емес екенін атап өтті. Ол көпшілікке ұстаздың басты жұмысы баланы оқыту екенін еске салды.

Осыған орай Аймағамбетов депутаттар "педагог мәртебесі туралы" заңға түзетулер әзірлеп, үкіметке жолдағанын хабарлады.

Мұғалімдер үшін қандай өзгерістер бар?

Есеппен күрес Қайталанатын есепке – тоқтау. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру. Сонымен қатар "Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жетеді": Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауы тиіс.

Instagram / Facebook – тек қалауымен Мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – тек еркімен. Чаттар мен хабарламалар – тек ресми LMS жүйелері мен электронды поштада. Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес.

Жауапкершіліктің айқын шегі Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес. Бұған қоса, біз «Мұғалімге тән емес функциялар» деген түсінікті заңда алғаш рет анық жаздық. Сонда нақты қорғану оңайырақ болады. Ол – заңдар мен еңбек туралы келісімшартта көрсетілмеген жұмыстың бәрі.

Мектеп – ата-ана келісімі Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімшартты қатаң ұстануға міндетті болады.

Шынайы қорғаныс Педагог мәртебесін бұзу үшін айыппұлдар күрт өседі. Бұған қоса, заңға мұғалімге психологиялық пен физикалық зорлық-зомбылыққа – мүлдем жол берілмейді деген норма енгіздік.

"Біз, депутаттар, өз қадамымызды жасадық: Мемлекет басшысының берген тапсырмалары мен педагогтердің ұсыныстары негізінде арнайы түзетулер әзірлеп, Үкіметке жібердік. Енді ресми қорытындысын күтеміз", - деп жазды Аймағамбетов.