Қазақстандық актриса әрі үш баланың анасы Динара Қырықбаева артық салмақтан арылу жолындағы тәжірибесін көпшілікпен бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесі өзінің жетістігі тек хирургиялық әдіске ғана емес, сонымен қатар төзімділік пен тәртіпке байланысты екенін атап өтті.
Өз блогында актриса ашық жазды: «Мен үш баланың анасымын, үшеуін де кесар тілігі арқылы дүниеге әкелдім. Әр босанудан кейін салмағым шамамен 100 келіге жетіп қалатын. Ал менің қалыпты салмағым — 65 кг. Бұл өзгерістерді қабылдау оңай болмады. Бірақ ол килограммдар менің ең бақытты кезеңімнің белгісі еді. Өйткені сол сәттерде өмірімдегі ең қымбатты сыйды — балаларымды алдым», — деді ол.
Үшінші босанудан соң Динара іш аймағындағы артық салмақтан арылу үшін ота жасатуды шешкен.
«Алайда қалғанының бәрі — спорт, дұрыс тамақтану, өзін-өзі бақылау және сенімнің арқасы. Қазір айналамнан жылы сөздер естимін, өзгелердің назарын байқаймын. Бірақ мұның артында үлкен еңбек жатыр. Шын мәнінде маңыздысы — салмақ емес, өз тәніңде жайлы сезіну. Әрбір әйел оған жете алады. Уақыты ұзақ болуы мүмкін, бірақ ең бастысы — тоқтап қалмау», — деп ойын түйіндеді ол.
Актриса өзінің бойы мен қазіргі салмағын да жасырмады: 168 см, 73 кг. Әлеуметтік желі қолданушылары оның жазбасына жылы лебіз қалдырды: «Әрқашан да әдемісіз! Көзіңіз бен күлкіңіз өмірге деген сүйіспеншілікті айқындап тұр», «Динарочка, қандай мықтысыз!», «Костюмыңыз да, мүсініңіз де жарасымды!» деген пікірлер жазылды.