«Taza Qazaqstan» экологиялық road-эстафетаcы Шымкентте жалғасын тапты

3 қазан, 2025 / Өтей Торғайұлы
дереккөзден

«Taza Qazaqstan» road-эстафетасының төртінші күні Шымкент қаласында А.Асқаров атындағы дендропаркте «Чемпиондық рух» жаттығумен басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл тек спорттық бастама ғана емес, сонымен қатар экология, денсаулық және белсенді өмірлік ұстаным өзара тығыз байланысты екенінің жарқын үлгісі.

Дендропаркте 300-ден астам белсендіге арналған жаттығуды жауынгерлік  самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов және бірнеше жекпе-жек түрінен халықаралық жарыстардың жеңімпазы Ақбар Елубай өткізді. Сонымен қатар рухтастар қатарына Jaidarman ойындарының негізін қалаушы, Қазақстан КВН лигасының президенті Есен Елеукен және «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев қосылды.

Бұдан соң, экобелсенділер тобы Шымкент қаласынан Қызылкөпір ауылына, одан кейін Сауран ауданы Чернак ауылына бет алды. Эстафетаға қатысушылар шамамен 230 шақырым жолды еңсерді. Жол бойы олар негізгі экологиялық проблемаға айналған пластик бөтелкелер мен пакеттерді, шыны қалдықтарын, бір реттік ыдыстарды жинады. Қайта өңдеуге жарамды қалдықтар бөлек сұрыпталды. Бұл – тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін осындай нақты әрі қарапайым қадамдардан бастау қажет екенінің жарқын үлгісі.

Сонымен қатар Ордабасы ауданы Төрткөл ауылында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындар таза суға қол жеткізу, жол жөндеу, медициналық қызмет көрсету, интернет сапасы және жастардың жұмысқа орналасу перспективалары туралы өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Депутат бұл  мәселелерді бақылауға алғанын атап өтіп, кездесуде айтылған ұсыныстар Парламент жұмысында көрініс табатынын жеткізді.

Тэгтер:

Акция «Taza Qazaqstan»