iPhone алу үшін бүйрегін сатқан жігіт мүгедек болып қалды

Бүгін, 19:47 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Қытай тұрғыны Ван Шанкунның оқиғасы қайтадан жұртшылық назарын аударды. Ол жасөспірім кезінде iPhone 4 пен iPad 2 сатып алу үшін бүйрегін сатып, сондықтан қазір мүгедек болып қалған, бұл туралы The Thaiger жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

2010 жылы Қытайда iPhone 4 жасөспірімдер арасында сәнге айналған. Ол кезде Ванның жасы 17-де еді, алайда отбасылық жағдайына байланысты қымбат гаджетті алуға мүмкіндігі болмаған. Әлеуметтік желіде «бүйрек сатып, ақша табуға болады» деген хабарландыруды көріп, ол бұл қадамға ата-анасына айтпастан барған.

2011 жылы Ван заңсыз операция жасатып, бір бүйрегін 20 мың юаньға (сол кездегі бағам бойынша шамамен $3135) сатып жіберген. Ақшасына көптен аңсаған iPhone мен iPad алған. Алайда отадан кейін оның денсаулығы күрт нашарлады: ауыр инфекциялар басталып, жалғыз қалған бүйрек істен шыға бастады.

2012 жылы Қытай билігі орган саудасын ұйымдастырушыларды тұтқындап, сот оларды Ванның отбасына 1,48 млн юань өтемақы төлеуге міндеттеді. Бірақ бүгінде ер адамның бүйрек қызметі 75 пайызға бұзылған. 

Ван өзінің шешімін өміріндегі ең үлкен қателік деп атаған, анасы «егер сол кезде ұлына телефон сатып берсем, мұның бәрі болмас еді» деп өкінеді.

Тэгтер:

бүйрек iPhone