Қорғаныс министрі әскери колледж мұғалімдерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Бүгін, 16:56 / Дана Ізтілеуова
gov.kz

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында әскери колледждердің оқытушыларымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ведомство басшысы педагогтардың тәрбиеленушілерді кәсіби даярлаудағы, олардың жоғары адамгершілік және зияткерлік қасиеттерін қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.

– Сіздердің ерен еңбектеріңіздің, сабырлылықтарыңыз бен жанқиярлықтарыңыздың нәтижесінде болашақ жауынгердің тұлғасы қалыптасады. Сіздер жастарға білім берумен қатар, жауапкершілік, тәртіп пен Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіріп, олардың әскери маман ретінде қалыптасуына зор үлес қосып келесіздер, – деді министр.

Сондай-ақ, Қорғаныс министрі армияны кәсіби сержанттармен жасақтау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы да айтты. Биыл Алматы мен Қарағанды қалаларындағы республикалық «Жас ұлан» мектептері әскери колледжге айналды.

Білім сапасын арттыру мақсатында оқу орындарында физика, химия, биология және робототехника кабинеттері ашылып, олар қажетті техникамен, құрал-жабдықтармен және оқу-әдістемелік материалдармен жарақтандырылып жатыр. Шет тілдерін оқыту үшін лингафондық кабинеттер жабдықталуда.

– Әскери білім беру жүйесін дамыту мен білікті кадрларды даярлау – Қорғаныс министрлігінің басты басымдықтарының бірі әрі елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі, – деп атап өтті министр.

Бүгінде Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери оқу орындарында орта, техникалық және кәсіптік буыннан құралған 100-ден астам оқытушы еңбек етуде.

Отан қорғаушыларын даярлауға қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің оқытушысы Күнсая Нұрғалиева мен Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледждің оқытушысы Елдос Советовке «Ел қорғаны» ведомстволық медалі табыс етілді. Бірқатар үздік педагогтар Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Тэгтер:

Қорғаныс министрі әскери колледж мұғалімдері