Денсаулық сақтау саласында олқылық пен жүйесіздік көп. Ресми деректер мен күнделікті өмір арасындағы алшақтық анық сезіледі. Платформалар пайдалануға беріліп жатса да, халық әлі ұзын-сонар кезекке шағымданады, дәрігерлер жалақысын кеш алады, онлайн порталдарда техникалық қателік жетерлік.
Президент биылғы Жолдауында: «Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс», – деген еді.
Қаржылық тұрақтылық, жасанды интеллектті енгізу, дәрігер мәртебесін көтеру – саладағы басты мәселелер. Бұл түйткілдердің айтылып келе жатқанына біраз болғанына қарамастан, нақты нәтиже әлі көзге көрінбей отыр.
Шығындарды басқару мәселесінде ілгерілеу байқалғанымен, жақында қарапайым дәрігерлер айлап жалақысын ала алмай жүргені туралы жаңалық тарады. Бұрынғы цифрландыру жобаларының шикі болғаны әлі де есте. Ал дәрігердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі де талай рет көтерілгенімен, әлі толық шешімін тапқан жоқ.
Есепте бәрі жақсы
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, 2024 жылы еліміздегі медициналық ұйымдар 3,2 миллионнан астам қашықтан қызмет көрсеткен, оның ішінде 1,5 миллионнан астам ауыл тұрғыны қызмет алған.
Сонымен қатар электрондық үкімет порталындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде қазір 21 онлайн-қызмет қолжетімді. Азаматтар поликлиникаға тіркелуден бастап, үйге дәрігер шақыруға дейінгі көптеген рәсімді электронды түрде жасай алатыны айтылады.
Есептер мен деректерге қарасақ, ұлттық деңгейде де деректерді біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. UNEHS – бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау ақпарат жүйесі ресми статистиканың негізгі көзіне айналған. Мәселен, 2014-2022 жылдар аралығындағы ұлттық өлім-жітім көрсеткіштері дәл осы цифрлық база арқылы талданып, халықаралық ғылыми жарияланымдарда пайдаланылыпты.
Бұған қоса, Үкімет биылдан бастап жасанды интеллект негізінде медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйені кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз деп мәлімдеген болатын.
Ал қаржылық тұрғыдан қарасақ, 2024 жылы денсаулық сақтау ұйымдарының ағымдағы шығындары 3,7 трлн теңгеден асқан. Бұл – тек дәрігер жалақысы мен емдеу шығындарын ғана емес, сонымен бірге цифрлық инфрақұрылымды ұстап тұруға жұмсалатын қаражатты да қамтиды.
Қағаз жүзінде бәрі мінсіз сияқты: телемедицинаның кеңеюі, eGov арқылы қызметтердің қолжетімді болуы, ұлттық деректер базасының құрылуы. Дегенмен телемедициналық консультациялар саны көп болғанымен, олардың сапасы, шын мәніндегі қолжетімділігі туралы мәлімет жоқ. Ауылдағы қарапайым тұрғынға қашықтан берілген кеңес толыққанды медициналық көмектің орнын баса алмайды.
eGov-тағы қызметтерге келсек, поликлиникаға тіркелу немесе дәрігерге жазылу онлайн форматқа көшкені рас. Бірақ бұл жүйенің түбегейлі өзгергенін білдірмейді. Көп жағдайда азаматтар «электронды кезекке» жазылғанымен, емхана табалдырығында сол баяғы ұзын-сонар кезекке тап болады.
Үкімет жасанды интеллектке негізделген жаңа мониторинг жүйесін енгізбек. Бірақ өткен тәжірибе көрсеткендей, цифрландыру жобалары жиі жарнамаланып, іс жүзінде шикі күйінде қалып жатады. ЕСОМП пен МӘМС жүйелерінің кемшіліктері – соның дәлелі. Айыппұл, қате шешімдер, жүйенің жиі тоқтап қалуы – осы күнге дейінгі «цифрландырудың» шын бет-бейнесі.
Осылайша, цифрландыруға миллиардтар жұмсалғанымен, дәрігер еңбегін жеңілдетіп, науқасқа сапалы қызмет көрсетуге келгенде әлі де олқылық көп. Есепте бәрі жақсы, бірақ нәтиже басқа.
Медицина мамандарының пікірінше, жаңа жүйелерді енгізу кезінде туындайтын қателіктер, жауапкершілікті нақтылау, есеп пен сан үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істеу мәселелері күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл реформалардың табысты болуы – технологияны енгізуге емес, оны тиімді іске жаратуға байланысты.
Бибігүл Өмірбаева,
ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы:
Алгоритмдер саланы дамытуға сеп бола алады
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекет жүйелі шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Тек «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, жыл соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қалаларда жаңа ірі орталықтар іске қосылды, олардың қатарында Астанадағы онкоорталық пен Алматыдағы Жұқпалы аурулар ғылыми орталығы бар.
Президент тек құрылыс қана емес, жаңа медициналық нысандарды тиімді іске қосу қажет екенін, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдері арқылы жеке инвесторлардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды екеніне тоқталды. Пандемиядан кейін стратегиялық басымдыққа айналған фармацевтика өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық өзгерістермен бірге денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелерін шешу маңызды. Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бюджеттік реттеуші рөлін атқарып отыр, алайда ресурстарды тиімді басқару үшін бұл жеткіліксіз. Осыған байланысты медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологиялары арқылы қадағалайтын жаңа жүйе құру тапсырылды.
Бұл тұрғыда жасанды интеллект тек диагностиканың құралы ғана емес, денсаулық сақтауды басқарудың бүкіл жүйесінің тірегіне айналмақ. Алгоритмдер үлкен деректер ауқымын талдап, тиімсіз шығындарды анықтауға, пациенттердің қажеттілігін болжауға және шығыстардың ашықтығын арттыруға қабілетті.
Қазақстан жүйелі түрде цифрлық медицинаға көшу жұмыстарын жүргізуде: есеп жүргізу ақпараттық жүйелері енгізілген, телемедицина дамып келеді, ұлттық деректер базалары құрылуда. Бүгінде ең көп сұранысқа ие медициналық анықтамалардың сегіз түрі (жүргізушілікке рұқсаттан бастап, еңбекке жарамсыздық парағына дейін) цифрландырылды. Жыл басынан бері ақпараттық жүйелерде осындай 4,7 млн-нан астам құжат тіркелді. Жуық арада диагностиканы оңтайландыруға және қателерді азайтуға көмектесетін жасанды интеллект негізіндегі «дәрігердің көмекшісі» енгізіледі.
Дүниежүзілік экономикалық форум жасанды интеллект бүкіл әлем бойынша миллиондаған медицина қызметкерінің жетіспеушілігін шеше алады деп атап айтты.
Осы жағдайларда біздің стратегиялық міндетіміз цифрландыруды кешенді реформаға айналдыру болмақ. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдер денсаулық сақтау жүйесінің тірегіне айналуға тиіс. Президенттің айтуынша, медицина саласын жаңғыртудың негізгі қозғаушысы цифрландыру мен жасанды интеллект болуы керек, олар оның тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.
Қайырғали Көнеев,
дәрігер:
Нақты прогресс жоқтың қасы, цифрландырудың тиімділігі нөлге тең
– Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жұмыстары ойдағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Жыл да аяқталып қалды, бірақ бұл салада қажетті жөндеу жұмыстары толық жүргізілмеді. Өкінішке қарай, осы бағытқа бөлінген қыруар қаражат күткен нәтиже бермеді.
Естеріңізде болса, кезінде денсаулық сақтау министрі болған Елжан Біртанов цифрландыру бойынша үлкен қателік жасады деген күдікке ілініп, тергеуге алынған еді. 2020-2021 жылдары тергеу органдары миллиардтаған қаржы жымқырғанын дәлелдеді. Ол кезде мемлекет тарапынан цифрландыруға триллион теңге бөлінген, бірақ ол қаражат тиімді пайдаланылмады. Соның салдарынан бүгінде саланың цифрландыруы өте әлсіз күйде қалып отыр.
Әлемдік тәжірибемен салыстырсақ, айырмашылық айқын көрінеді. Мысалы, Кореяда тіпті шағын жеке клиникаға барып, талдау тапсырсаңыз немесе тексеруден өтсеңіз, оның нәтижелері бірден цифрлық базаға тіркеледі. Кейін басқа клиникаға барғанда, дәрігер сол базадан сіздің бұрынғы талдауларыңызды көре алады. Қазақстанда, өкінішке қарай, мұндай бірыңғай цифрлық кеңістік жоқ. Кейбір клиникалар жеке платформаларды енгізіп жатыр, бірақ ортақ жүйе жоқ. Бар болғаны – поликлиникаға кезекке eGov арқылы жазылу немесе вакцинация паспортын алу сияқты шектеулі мүмкіндіктер. Бұл – теңіздің бір тамшысындай ғана.
Жасанды интеллектке келсек, Қазақстанда ол жүйелі түрде енгізіліп жатқан жоқ. Әзірге тек жекелеген дәрігерлер ғана жеке бастамамен қолданады. Әлемде жасанды интеллект медицинада белсенді пайдаланылып жатыр, ал бізде бұл үрдіс заңдық тұрғыдан да қолдау таппаған. «Халық денсаулығы туралы» кодексте жасанды интеллектті қолдану немесе оған байланысты жауапкершілік жөнінде ештеңе жазылмаған. Сондықтан ресми деңгейде оның енгізілуі жүрмей отыр. Шын мәнінде, жасанды интеллект дәрігердің көптеген қол еңбегін жеңілдетіп, жұмысын біршама азайта алар еді. Бірақ Қазақстанда әзірге бұл жүзеге аспады.
Бұл бағытта нақты жұмыстар қажет. Ең алдымен, нормативтік-құқықтық базаны өзгерту керек. Жасанды интеллекттің құқықтық мәртебесін анықтап, оны қолданғандағы жауапкершілікті заңнамада бекіту қажет. Сонымен қатар басқа елдердің тәжірибесін негізге алып, бірыңғай пациенттер базасын енгізу керек. Дегенмен мұнда да қауіп бар – жеке деректердің қорғалуы бізде әлсіз, бұл – үлкен мәселе.
Жалпы алғанда, денсаулық сақтау саласын цифрландыруда жетістіктен гөрі шешімін таппаған мәселелер басым. Қазіргі күнге дейін нақты прогресс жоқтың қасы, ал цифрландырудың тиімділігі нөлге тең деуге болады.
Мыңжылқы Бердіқожа,
дәрігер:
Сала мамандарының ойы ескерілсе...
– Цифрландыру денсаулық сақтау саласындағы түйткілдерді шеше алмады. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді ушықтырып отыр. Қазір көптеген медициналық мекемеде қызметкерлердің жалақысы екі-үш айға кешіктіріліп төленіп жатыр. Бұл жағдайдың ушығуына байланысты облыс әкімдері еңбекақының уақытылы берілуін жеке бақылауына алуға мәжбүр болып отыр. Әлеуметтік күйзеліске алып келген механизм – цифрландыру.
Жасанды интеллектті енгізу бағытында жарнама көп болғанымен, нақты нәтиже көңіл көншітпейді. ЕСОМП пен МӘМС жүйелері арқылы мекемелерге жаппай айыппұл салу жұмыстың тоқтап қалу қаупін туғызды. Бағдарламалардың сала мамандарының қатысуынсыз жасалғаны айқын байқалады: қате шешімдер жиілеп, жүйенің әлсіз тұстары көрініп жатыр.
Мұндай жағдайда ең маңыздысы – медицина қоғамымен ашық диалог орнату. Саладағы проблемаларды күнделікті көріп жүрген мамандардың ойы ескерілсе, шешімін табуға мүмкіндік ашылар еді. Өкінішке қарай, қазіргі ахуал керісінше жағдайды күрделендіріп отыр: басшыларды ауыстырумен ғана шектеліп, мәселенің түбірі шешілмей келеді.
P.S.
Қорыта айтқанда, медицина саласын цифрландыруды шынымен нәтижелі ету үшін, ең алдымен, сапалы шешімдер қажет. Оны сала мамандарының қатысуымен жасау, медициналық қоғаммен ашық диалог орнату – басты шарт. Әйтпесе, кезекті «жаңа жүйе» де баяғы жартас күйінде қалып, есеп пен шындық арасындағы алшақтық ұлғая бермек.