Әлем «қартайып» барады. Қазақ ше?..

Бүгін, 15:15 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Әлемде жастар саны кеміп, егде жастағылар қатары күрт өсіп келеді. Яғни, адамзат қартайып бара жатыр. БҰҰ-ның деректеріне сенсек, алдағы онжылдықта жер бетінде әрбір алтыншы адам 60-тан асатын болады. Бұл – тек Еуропа мен Жапонияның емес, бүкіл әлемнің статистикасы. Қазақстан да бұл үдерістен шет қалған жоқ: халықтың орташа жасы жыл сайын ұлғайып, зейнеткерлердің үлесі артуда. қарттардың ұзақ жасағаны қуантады. Дегенмен тұрғындардың қартаюы қоғамға ауыр салмақ па, әлде экономикалық мүмкіндік пе деген сұрақ толғантады. 

Қартаю дегеніміз – демографиялық тұр­ғыдан халық ішінде қарт адамдардың (60 немесе 65 жастан жоғары) үлесінің артуы. Халықтың «қартаюының» екі себе­бі бар. Біріншісі – өмір сүру жасының ұзаруы. Екіншісі, туу деңгейінің төмендеуі. 
«2070 жылға қарай әлем бойынша ха­лық азая бастайды, ал 2150 жылға қа­рай қазіргі деңгейдің жартысына дейін тө­мендеуі мүмкін. Сол уақытта 60 жастан ас­қан адамдар үлесі бұрын-соңды болма­ған деңгейге жетеді», – деп болжам жасай­ды Nature журналы. Адамзат өсімінің баяу­лағанын және алдағы уақытта да де­мографиялық қарқынның тежелейтінін ғалымдар есептеп отыр. Мәселен, әлем хал­қының 8 миллиардқа жетуіне 12 жыл керек болған, ал болжам бойынша 9 млрд-қа жету үшін 15 жыл қажет дейді. 
БҰҰ-ның мәлімдемесіне сүйенсек, 65 жас­тан асқандар үлесі 7 пайыздан асса, қо­ғам «қартайып келе жатыр» деп есеп­те­ле­ді. Бұл үрдіс қазір әлемнің барлық елін­де байқалады. Тағы да БҰҰ-ның бол­жа­мы­на көз жүгіртсек, дүние жүзі бойынша алдағы он жылдықтарда 65 және одан да жоғары жастағы адамдар саны 2 еседен аса­ды екен. 2021 жылы олардың саны 761 млн болса, 2050 жылы бұл көрсеткіш 1,6 млрд адамға дейін жетпек. Ал 80 жастан асқандар саны бұдан да жылдам өспек. Қазақ­стан да қартаю кезеңіне жақындап қал­ды. Мәселен, 2010 жылы зейнет ж­а­сын­дағы халық 10 пайыз болған, ал 2020 жылы 11 пайызға жеткен. Яғни, Қазақстан қартаю межесінен баяғыда асып кеткен. 

Туудың тарихи 
минимумы тіркелді

Биыл жыл басынан бастап елімізде туу көрсеткішінің тарихи миниму­мы тіркелді. Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бойынша, қаңтар-наурыз ай­ларында 77,3 мың нәресте өмір есігін аш­қан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен са­лыстырғанда 16 пайызға аз. Мұндай тө­мен көрсеткіш соңғы рет 2014 жылдың бірін­ші тоқсанында тіркелген екен. Сол кез­дің өзінде жаңа туған нәрестелер саны 90 мыңнан төмен болған жоқ. 
Өткен жылдың бірінші тоқсанында елі­мізде 91,9 мың бала дүниеге келген. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тыр­ған­да 1,8 пайызға аз. Finprom.kz мә­лі­ме­тін­ше  елдегі туу коэффициенті 1 000 адам­ға шаққанда 18,3. Ал былтыр қаңтар-нау­рыз айларында бұл көрсеткіш 19,1 болған. 
Елімізде бала туудың төмендеуі бір­не­ше жыл қатарынан жалғасып келе жат­қа­нын мына статистикадан көре аламыз. 2023 жылы 388,4 мың бала дүниеге кел­ген, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға аз. Ал 2022 жылы 403,9 мың сәби дү­ниеге келген, бұл 2021 жылмен са­лыс­тырғанда 9,5 пайызға аз. Яғни, туу коэф­фи­циенті 2021 жылы – 23,5 болса, 2022 жы­лы – 20,6, ал 2023 жылы 19,5-ті құрады. 
Елімізде әйелдердің бала тууға асық­пайтынын, еңбекке жарамды аза­маттар санының жылдын-жылға азайып келе жатқанын демографтар да айтып жүр. Мысалы, 2023 жылы елімізде бала ту­ған аналардың орташа жасы 29,5 жас­тан 29,7 жасқа дейін ұлғайыпты. 
Енді балалар мен қарттар арасындағы айырмашылыққа келсек. 2023 жылы Қа­зақ­станның қартаю индексі 29,5-ке жет­кен. Бұл дегеніміз 0 мен 15 жас аралы­ғын­дағы әрбір 100 балаға 65 жастан асқан 29,5 азаматтан келеді деген сөз. 2019 жы­лы 26,5-ке тең болған. Осыған қарап-ақ біз қартаю индексінің айтарлықтай өске­нін көреміз. 
Ұлттық статистика бюросы ең жоғары қартаю индексі Солтүстік Қазақстан облысы (72,9), Шығыс Қазақстан облысы (71,8) және Қостанай облысында (62,1) еке­нін мәлімдеді. Қартаю индексі ең төмен өңірлерге  Маңғыстау облысы (мұн­да 100 балаға 65 жастан асқан 14,3 аза­маттан келеді), Түркістан облысы (14,9) және Шымкент қаласы (15,3) жата­ды. Қалада қартаю индексі – 32, бұл жо­ғары көрсеткіш, ауылда төмен – 25,8. 

Әйелдер ерлерден 8 жыл ұзақ өмір сүреді

Қазақстанда қарттардың саны жыл сайын 3-4 пайызға өсіп келе жатыр. Бүгін­де елімізде 60 жастан асқандар саны ша­ма­мен 3 млн-ға жетеғабыл. Биылғы жыл­дың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойын­ша, халқымыздың саны 20,3 млн адам. Соның ішінде 25 жасқа дейінгі жас­тар – 42,8 пайыз. Пайызды санға айнал­дыр­сақ, 8,7 миллионнан асады. Ал 25 пен 65 жас аралығындағы еңбекке қабілетті тұрғындар үлесі  шамамен 48 пайыз екен. 65 жастан асқандардың үлесі 9,2 пайызға жеткен. 
2024 жылдың басындағы ресми де­рек­терге қарасақ, халықтың орташа жасы – 32,3. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда 31,9 жас болған. 
Қоғамда қарттар санының артуымен бай­ланысты орташа өмір сүру ұзақтығы да өскен. Былтыр бұл көрсеткіш 75,44 жас­қа жеткен. Ер адамдар орта есеппен 71,33 жас өмір сүрсе, әйелдер 79,42 жасқа дейін өмір сүреді. Яғни, әйелдер ерлерден 8 жыл ұзақ өмір сүреді.
Деректер елімізде туудың азайып, қарт­тардың үлесі артып келе жатқанын көрсетеді. Орташа өмір сүру жасы ұзар­ғанымен, еңбекке қабілетті азаматтар үле­сі біртіндеп азаюда. Егер туу көрсеткіші баяулай берсе, еңбекке қабілетті азамат­тар­дың үлесі 2030 жылдан бастап азая бас­тайды. Бұл зейнетақы жүйесіне, еңбек на­рығына және әлеуметтік саясатқа ай­тарлықтай қысым түсіруі мүмкін.
Қазақстанда демографиялық үрдіс­терді толыққанды талдау жүйесі қалып­тас­пағандықтан, еңбек нарығын болжау, аймақтық инфрақұрылымды дамыту жә­не әлеуметтік саясатты жоспарлау қиын. Елде халықтың қартаюы, аймақ­тар­дағы теңсіздік пен жастардың көші-қон бел­сенділігі еңбек ресурстарының тең­герім­сіздігін күшейтуде. Бұл еңбек нары­ғын­да мамандар тапшылығы мен «қар­таю» проблемасын шиеленістіріп отыр. Аталған жағдай зейнетақы жүйесінің бо­ла­шағына да қауіп төндіреді.
Демографиялық жағдай туралы Мем­лекет басшысы биылғы Жолдауында да баса айтты. 
– Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға ар­нал­ған шешімдер қабылдау айрықша маңызды. Алайда осы салада мәліметтерді тиіс­ті деңгейде есепке алып, талдау жасау жол­ға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек на­рығының сұранысын болжау, инф­ра­құры­лымды дамыту жұмысын жоспарлау жә­не басқа да міндеттерді орындау жо­лын­да қиындық туғызады. Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігінің ба­засында ауқымды деректер мен жа­сан­ды интеллект технологиялары енгізілген Де­мографиялық үдерістерді талдау және бол­жау орталығын құру керек. Демог­ра­фия және еңбек нарығындағы үрдістер зей­нетақы жүйесіне қатысты ұстаным­дар­ды қайта қарауды қажет етеді,  – деді Пре­зидент. 
Президент ұсынған жасанды ин­тел­лект пен ауқымды деректерге не­гізделген жаңа орталық демографиялық процестерді нақты бағалап, мемлекеттік жоспарлаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай қадам әлеумет­тік тұрақтылықты сақтауға және эконо­ми­калық саясатты ұзақмерзімді перспек­тивада бейімдеуге бағытталған. 
Демографиялық деректерді сапалы жи­нау мен талдаудың жеткіліксіздігі сал­дарынан аймақтардағы мектеп, аурухана, тұр­ғын үй құрылысы секілді инфра­құры­лымдық жоспарлау кешігіп, әлеуметтік тең­сіздік туындайды. Мысалы, оңтүстікте туу деңгейі жоғары болса, солтүстікте ке­рісінше халық азайып, еңбек ресурс­тары жетіспейді. Мұндай теңсіздік ішкі миг­рацияны күшейтіп, урбанизация сал­дарынан мегаполистердің әлеуметтік инфрақұрылымына қысым түсіреді.
Президент ұсынған жасанды интел­лект пен Big Data негізіндегі орталық бұл олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Ол болашақ еңбек нарығын дәл бол­жауға, аймақтық даму бағдарла­ма­ларын нақтылауға және зейнетақы жүйе­сін тұрақтандыруға ықпал етеді. Себебі қазіргі жүйе еңбекке қабілетті жас азамат­тардың азаюына және қариялар үлесінің өсуіне байланысты ұзақмерзімді қаржы­лық қауіптерге тап болуы мүмкін.

Қарты көп қоғам қандай қоғам?

Әлем халқының қартаюы – тек де­мографиялық мәселе емес. Ол –қоғамның барлық саласына ықпал ететін күрделі құбылыс. Ең алдымен, денсаулық сақтау саласы өзгеріске ұшырайды. Қар­тай­ған сайын жүрек-қан тамырлары, диа­бет, артрит, альцгеймер, деменция сияқ­ты аурулар жиілейді. Егде адамдар ұзақ­мерзімді күтімді қажет етеді. Бұл ме­дициналық қызметтің қымбаттауына, ден­саулық сақтау жүйесіне түсетін жүк­теменің артуына алып келеді. Қарттардың саны осылай ұдайы өсіп отыратын болса, қазіргі мемлекеттік зейнетақы қорлары зейнеткерлер алдында әлеуметтік мін­деттемелерін орындай алмауы мүмкін. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде қарттық­тың демографиялық ауыртпалық коэф­фициен­ті – 15,1 пайыз. Болашақта коэф­фициент тек өседі. Мәселен, 2025 жылы – 16,1 пайыз болса, 2030 жылы – 18,2 пайыз, 2040 жылы – 22,6 пайыз, 2050 жы­лы – 26,3 пайыз болады деп болжанып отыр. Қарттықтың демографиялық ауырт­палық коэффициенті дегеніміз – жал­пы экономикалық белсенді емес (65 жас­тан жоғары) адамдар санының еңбек­ке қабілетті жастағы (15-64 жас) адамдар санына қатынасы. Яғни, бір қызметкер қанша зейнеткерді «асырай алады» деген сөз. Сондықтан да жоғарыда айтқан жи­нақ­таушы зейнетақы қорының зейнет­керлерді қамтамасыз етуі өзекті мәселе болады. «Қарттыққа» бізден бұрын аяқ бас­қан мемлекеттер үлестіруші жинақ­таушы зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен. Бұл жүйеге АҚШ, Аустралия, Дания, Швеция, Гонконг, Үндістан, Чили, Индонезия, Сингапур секіл­ді елдер өткен. Бұл жүйе зейнеткер жасындағы адамдардың лайықты өмір сүруі­нің ең жақсы кепілі болып отыр. 
Зейнеткерлердің шектен тыс көбеюі­нің әлеуметтік-экономикалық салаға да ық­палы күшті. Жұмыс күші азаяды. Қо­ғам­да қарттардың үлесі артып, еңбекке қа­білетті жастар азайғанда экономикалық бел­сенді халық саны кемиді. Ал жұмыс іс­тейтіндер саны азайған сайын зейне­т-а­қы қоры тапшылық көреді. Қарапайым тілмен айтсақ, әлем бойынша адамдар зейнетке 60-65 жас аралығында шығады. Ал зейнетақы ауадан алынбайды, ол жұ­мыс істейтіндердің қалтасынан «төле­не­ді». Бұдан бөлек, инновация, өндіріс, ең­бек өнімділігі баяулайды. Қарттар саны­ның артуы отбасылық және әлеуметтік құры­лымға да кері әсер етеді. Әдетте, дәс­­түрлі отбасылық құндылықтарды ұста­натын қоғамда үлкен кісілерді бала­лары мен немерелері күтіп, бағады. Бұл туу көрсеткіші төмен елдерге біршама қиын­дық туғызады. Сонымен бірге қар­тай­ғанда жалғыз қалу, қоғамнан оқ­шау­лану сынды психологиялық мәселелер де ар­тады.  
Туу көрсеткіші төмендеген, қарттары кө­бейген мемлекетке жұмыс күшін то­лық­тыру үшін миграция саясатына жү­гіну­ге тура келеді. Бұл жерде тағы бір маңыз­ды мәселені айтып өту керек. Ол – ұрпақтар арасындағы теңгерім, сабақтастықтың ал­шақтауы. Сондықтан жастардың мүд­десі мен қарттардың қажеттілігін үйлес­тіру керек болады. Бұл жерде қоғам қарт­тарды қиындық деп емес, ресурс ретінде қа­былдауы керек. Қарт адамдардың білімі мен тәжірибесін ұрпаққа бермесе, мәдени сабақтастық үзілуі мүмкін. Мұндай қиын­дықтарға әлі көптеген мемлекет дайын емес. Бұл ретте зейнетақы жүйесі, ден­саулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек нарығының құрылымы түбегейлі қайта қарауды талап етеді.
Әр құбылыстың оң және теріс жағы бар. Біз атап өткен қауіптер мен тәуе­кел­ден бөлек, қарты көп қоғамның өз ар­тық­шылықтары да бар. Нарықтық қоғамда «Күміс экономика» (Silver economy) деген термин бар. Адам баласы мейлі нәресте болсын, мейлі егде жаста болсын, ол – тұ­тынушы. Мәселен, қарттар медицина, фар­мацевтика, туризм, білім беру, тіпті жаңа технологиялар («Ақылды үйлер», те­ле­медицина) саласының тұрақты тұтынушылары. Бұл салалар нарықта миллиардтаған доллар айналым жасайды. «Күміс экономиканы» «құрушылар» жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп­кер. Әсіресе, күтуші, гериатрия, әлеуметтік көмек саласында жаңа мамандықтар пайда болады. Ал кейбір елдер зейнет жа­сын ұзартуды немесе оларға ыңғайлы жұ­мыс кестесін жасау жолдарын қарас­тырып отыр. Өйткені аға буынның білімі мен тәжірибесі экономикадағы тұрақты­лық­ты сақтауға септігін тигізеді. Сонымен қатар қарт адамдар – бүтін бір отбасының, әулеттің, қала берді қоғамның тәжірибесі мен даналығын сақтап, жеткізушілер. Олар жастарға тәлім беріп, құнды­лық­тар­ды сіңдіріп, дәстүрді үйретуге үлес қосады. Зей­неткерлердің волонтерлермен бірге жүруі, әлеуметтік жобаларға қатысуының өзі қоғамның біртұтас, бірлікте болуына оң әсер етеді. 
Ғалымдар адам баласының өмір жа­­сын ұзартудың жолдарын іздеу­де. Геронтология, жасуша терапиясы, жас ұзарту ғылымы қарқынды дамып жатыр. Бұл тек қарттарға ғана емес, бүкіл адам­зат­тың денсаулығына пайда әкеледі. Бұ­дан бөлек, ұзақ өмір сүру үшін дұрыс та­мақ­тану, спорт, психологиялық саулыққа көңіл бөлу әдеттері жастар арасында да кеңі­нен таралып отыр. Қарттықтың осы оң тұстарын ескерсек, бұл мүмкіндіктер дәуі­рі десек қателеспейміз. Дамыған ел­дер­де зейнеткерлер шығармашылықпен ай­налысып, волонтерлікке үлес қосып, сая­хаттап, тіпті жаңа кәсіпті меңгеріп жа­тады. Біздің зейнеткерлер де қарттық­тың әлсіздік, шектеу емес екенін түсініп келе жатқаны қуантады. 

Шынар ПАЗЫЛБЕК, 
демограф:

Алдағы онжылдықтарда қартаю деңгейі 
Еуропа елдеріндегі көрсеткішке жақындайды

– Халықтың қартаю процесі – қарт адамдардың үлесінің өсуі. Қазақстанда жалпы қарттардың үлесі біртіндеп өсіп келе жатқаны анық. Қазірдің өзінде 2025 жылдың басындағы дерек бойынша статистикада қарт адамдардың үлесі халықтың 9,2 пайызын құрап отыр. Яғни, 65 және одан жоғары жастағы адамдардың саны 1 869 876 адамды құрады. Бұл – 2025 жылдың басындағы статистика.
Осы адамдардың ішінде 65,5 пайызы (1 220 933 адам) қалада, ал 34,5 пайызы (645 943 адам) ауылда тұрады. Жалпы айтқанда, қалада халықтың 9,6 пайызын, ауылда 8,6 пайызын қарт адамдар құрап отыр.
Қала мен ауылдағы қарт адамдардың өмір сүру жағдайлары мен қызметтерге қолжетімділігі арасында айырмашылық бар. Қалада медициналық қызметтер мен өмір сапасына қажетті басқа да инфрақұрылым әлдеқайда қолжетімді. Ауылда, өкінішке қарай, әсіресе медициналық қызмет саласында жағдай әлдеқайда төмен. Білікті мамандар тапшы. Бұл, біріншіден, ауылдан қалаға көшу процесіне байланысты. Еңбек жасындағы адамдардың көбі мобильді, сондықтан медицина саласындағы кадрлар да ауылдан қалаға қоныс аударуда. Осылайша, ауыл халқы кадрлармен бірге азайып бара жатыр. Бұл фактор қарт адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Қартаюға қарсы мемлекеттік стратегия қажет пе, әлде бұл табиғи үдеріс пе деген мәселеге келсек, біріншіден, қарттардың үлесінің өсуі – табиғи құбылыс. Өмір сүру ұзақтығы бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да артып келеді. Сонымен бірге 1960 жылдары туған үлкен буын өкілдері бүгінде зейнет жасына жетіп отыр. Бұл буын саны жағынан алдыңғы онжылдықтарда туған ұрпақтардан көп. Сондықтан қарт адамдардың үлесі табиғи түрде арта береді. Дегенмен табиғи құбылыс деп қарап отыруға болмайды. Бірінші кезекте бұған медицина саласы бейімделуі қажет. Қартаю мәселелерін зерттейтін геронтология бағытын медицина кадрларын даярлау жүйесіне енгізу, мамандарды қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ ұзақмерзімді күтімге арналған инфрақұрылым (санаторийлер, қарттар үйлері, әлеуметтік-медициналық мекемелер) қажет. Қарт адамдар санының өсуі осындай нысандарға сұранысты да арттырады.
Екінші мәселе – зейнетақы жүйесі. Қарттардың кедейленбеуі үшін еңбек жасында зейнетақы жинақтарын қалыптастыру, әрбір азаматтың қаржылық қауіпсіздік жастығы болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл саясат еңбек жасында іске асырылуы тиіс.
Үшінші мәселе – қарттардың әлеуетін пайдалану. Олардың бір бөлігі зейнет жасында да белсенді болып қала береді. Сондықтан олардың білімін, тәжірибесін қоғам мүддесіне пайдалану маңызды. Тіпті, кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасауға болады. Бұл олардың белсенділігін арттырып қана қоймай, мемлекетке де пайда әкеледі.
Тағы бір фактор – урбанизация. Қазір халықтың 63 пайыздан астамы қалада тұрады. Ауылда қарттардың үлесі азайып, қалада артып барады. Бұл қарттар балаларының соңынан қалаға көшуімен байланысты.
Алдағы болжамға сәйкес, 2050 жылға қарай қарттардың үлесі Қазақстан халқының 15 пайызынан асады. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 9 пайыздан асып отыр. Яғни, біз БҰҰ белгілеген «қартайған ел» межесінен (7 пайыз) өтіп кеттік. Алдағы онжылдықтарда еліміздегі қартаю деңгейі Еуропа елдеріндегі көрсеткішке жақындайды. Сондықтан мемлекет қазірден бастап қартаюға байланысты арнайы дұрыс саясат жүргізуге тиіс. Біріншіден, зейнетақы жүйесін тұрақтандыру, екіншіден, денсаулық сақтау мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, үшіншіден, қарт адамдардың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ететін шараларды қолға алу қажет. Сонымен бірге туу деңгейінің төмендеуіне жол бермей, еңбекке қабілетті жастағы халықтың жеткілікті болуын қадағалау – ел экономикасының тұрақтылығы үшін аса маңызды. 

Тэгтер:

әлем демография қартаю