Осирология: қазақ тілінің мың жылдық құпиясын ашуды бастап кеттік

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan International Political Weekly
сурет: check-point.kz

Биыл ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының құрылғанына 10 жыл толды. Қыркүйектің 25-інде Алматыдағы «Тұран» университетінің акт залында ЮНЕСКО қамқорлығындағы  Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығы, Ресей Халықтар достығы университеті және Еуразия мәдени қорымен бірлесе отырып «Өсіріс заңы: ежелгі қазақ тілі және адамзаттың мәдени мұрасы» атты білім мәдениетін қолдауға арналған VIII халықаралық конференциясы өтті.
Іс-шара аясында ақын, ЮНЕСКО қам­қор­лығындағы Халықаралық Мәде­ниет­терді жақындастыру орталығының дирек­торы, әлемге әйгілі түркітанушы Олжас Омарұлы Сүлейменовпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

АБАҚТЫДАҒЫ «Аз и Я»

– Осыдан елу жыл бұрын бүкіл әлем­ді дүріл­деткен бір кітап жарық көрді. Авторы қа­зақстандық ақын Олжас Сүлейменов. Осы «Аз и Я» кіта­бы­ның тағдыры туралы біл­сек. Құр­мет­ті Олжас Омарұлы, сіздің ақын­ды­ғыңыз бір төбе. Көптеген шетел Сізді түркітанушы ретінде де жоғары баға­лайды. Кітапты абақтыға жабу тарихта бол­маған құбылыс қой. Кітабыңызды қа­мауға кімдер құштар болды?

– Оған қарсы соғысты алдымен «Моло­дая гвардия» бастады. Оның артын ала «Москва» журналы іске кірісті. Сосын қарсы пікірімен Дмитрий Сергеевич Лихачев «НИВА» журналына шықты. 1976 жылы 13 ақ­панда СССР Ғылым академиясында 47 академиктің қатысуымен жабық үлгідегі жи­налыс өткізілді. Негізгі байламдары: «Ал­матыда 100 мың данамен орыстарға қар­сы «Аз и Я» кітабы жарық көрді».  Тал­қы­лауды академик Рыбаков бастады. Тал­қылау тоғыз сағат бойы ешқандай үзіліссіз жүр­гізілді. 47 академик, академияның кор­респондент мүшелері мен ғылым докторлары тоғыз сағат бойы «Аз и Я» кіта­бын тас талқанын шығарып, түкке тұр­ғы­сыз еткісі келді. Академиктердің ішінде бір-екеуі олардың уәжіне қарсы пікір айт­қа­нымен, дауыстары естілмеді. Мені орыс­қа қарсы, тарихты бұрмалаушы, пантюр­кист, ұлтшыл деп айыптады. Маған БАҚ-та шы­ғуға тыйым салды. Бұл ол кезде өте ауыр жаза еді. Менің тағдырымды КПСС Орта­лық Комитетінің шығармашылық жөнін­дегі идеология бөлімі шешпек болды. Егер де сол кезде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев болмағанда, бұл мәселе басқаша шешілер еді. Идеологиялық майданның қайда бет ал­ғанын жан-тәнімен сезінген Қонаев кітап­ты Брежневке береді. 
Үлкен жиында Брежнев: «Бұл кітапта сіз­дер ойлағандай ұлтшылдық жоқ», – деп қыс­қа қайырады. Осыдан кейін маған қар­сы идеологиялық майдан тоқтатылды. Қан­шама қиянаттар мен қарсы әрекеттер бол­ғанымен, «Аз и Я» кітабының тиражы рекордтық деңгейге жетті. Ол қара базарда бір мың рубльге саудаланған. Ал өзіндік құны 70-ақ тиын болатын. «Аз и Я» кітабын іздеушілердің саны мол еді, бірақ табу мүмкін емес.
Сол кездері Қазақстанның абақтылары­ның жертөлелерінде мыңдаған «Аз и Я» кітабы үйіліп жатты. Кітапты абақтыға отырғызды. Бұл адамзаттың тарихында болмаған құбылыс еді!

ТҮРКІТАНУШЫЛАРДЫҢ 
ЕКІНШІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНГРЕСІ НЕГЕ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ?

– 1926 жылы Бакуде түркітану­шылар­дың І конгресі өтті. Артынша ондағы белсенділерді қуғындау бас­тал­ды. Ал Тәуелсіз Қазақстанда түр­кітанушылардың екінші халықаралық конгресі неге өтпей қалды деген сұрақ өзінен-өзі туындайды? Неге біз әлі күнге дейін бұл мәселені жылы жауып қойып отырмыз?

– ...Кезінде бұрынғы президент тарихқа қат­ты әуес болды. Түркі жазуы мен түр­кітану (түркология) тарихында ол өз атын  қал­дыруға шешім қабылдады. 2018 жылы ол мені кездесуге шақырды. Үлкен дастар­қан басында президентпен бірге, сол кез­де­гі мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесші де отырды. Әңгімеден Алматыда түркі­тану­шылардың екінші халықаралық конгресін өткізуге ниеті барын білдім.
Ал мен конгресс өткізуге қарсылық біл­дірдім:
«Мұндай кездесулер айрықша ғылыми баяндамалармен ашылуы тиіс. Біз бұл Конгресте не туралы айтамыз? Өткен ға­сыр­да ғылымда түркі тілдері туралы қан­дай жаңалық болды? Түркітанушылардың қайсысы түркі жазбаларының пайда болуы және оның ежелгі басқа жазбалармен бай­ланыстарын зерттеді? Ең бастысы, түркі тілі мен мәдениетінің жасын болжау әді­сі­мен есептеген алғашқы түркітану­шы­лар­дың қателіктері әлі күнге дейін жоққа шы­ғарылған жоқ. Түркологияда ғылыми атақ көбейгенмен, білім көбейген жоқ...».
Мен жалғастырдым:
«Қазіргі кезде қолданыстағы түркі диа­лектілерінің барлығы сол «ежелгі түркі тілі­нен» шыққан деген ғылыми теория әлі де бар. Моңғол даласындағы балбал тас­тар­дан табылған руникалық мәтіндердің тілі ежелгі түркі тілі деп санайды. Бірақ «ежелгі оғыз тілі» деп Сергей Малов Бірінші конгресте оған дәл анықтама берді. Бұл руни­калық мәтіндердің тілі түркі тілінің түптегі еместігін айқындайды. Басқа түр­кітектес тілдердің бәрі содан шыққан. Ал көрнекті түркітанушы ғалымның мұндай нақтылауы түркі тіл білімінің одан әрі дамуына өз әсерін тигізуі керек еді».

– Олардың басты қателігі неде бол­ды?

– 1930 жылдардағы қазақ ғалымдары қа­зақ тілін «көне түркіден» тараған түркі тіл­дері отбасының бір бөлігі деп есептеді. Сон­дықтан қазақ сөзін жаза отырып, оғыз­ға қайта терең үңілу керек.
1930 жылдары қазақ тіліндегі жазбаша сөз­дердің бірқатары ауызекі сөздерден ерек­шелене бастады. Мәселен, латынша жа­зайық: auz – «ауыз», baur – «бауыр», aur – «ауыр»...
Бірақ «көне түркіде» (яғни оғыз тілінде) сол сөздер (латынша) сәл басқаша жазы­ла­ды: ahyz – «ауыз», bahyr – «бауыр», ahyr – «ауыр». Ал біздің тіл мамандарымыз «көне түр­кіден» үлгі алады, сөздердің орнына олар­дың жазуындағы әріптердің айтыл­майтын тіркестерін жасаған. Қазірдің өзін­де кириллицада: ауыз – «рот», бауыр – «печень», ауыр – «тяжелое» деп жазды.
1990 жылдардан кейін қазақ тілі мем­лекеттік тіл мәртебесін алды. Бірақ қала­лар­дағы мектеп оқушыларының жарты­сына жуығы орыс тілінде сөйлейді. Тіпті, Лев Толстой мен Лермонтовтың да кітап­та­рында аул кездеседі, ол ауыл деп айтыл­ған. Бірде-бір қазақ ауыл деп үш дауысты дыбысты қатар айтпайды. Осылайша, ал­ғаш­қы қазақ түркітанушылардың сауат­сыз­дығы жазбаша қазақ сөзінің тағдырына әсер етті.
Бірінші съезге қатысушылар бұл тұ­жырым­дарға жақындауы мүмкін еді, алай­да олар атылды.

– Сталин зобалаңында ғалымдар ға­на емес, зиялы қауым өкілдері, ең арғысы тарихты еске түсіретін құнды жәдігерлер мен ежелгі ескерткіштер де жойылған жоқ па?

– Мен 1980 жылдары Моңғолияға бар­ған сапарымда Орхон стеллаларында ав­томат оқтарының іздерін таптым. Жақын жер­де кеңес әскери бөлімшесі болды. Ал тақыр далада көздеп атар түк жоқ, тек осы (обелиск) ескерткіштерді нысанаға алды. Мың­даған жыл бойы ашық аспан астында тұр­ған, аптап ыстыққа, аязға, Түрік қаға­нат­тары мен Шыңғыс хан империясына төтеп берген тас қолжазбаларды моңғол және кеңес мәдениетінің қайраткерлері атуға рұқсат еткен. 
Мен Моңғолияның Мәдениет ми­нистрі­не протографтарды Моңғол мем­ле­кет­тік музейінің қоймаларына жасырып, олар­дың орнына дәл осы тас көшірмелерін орнатамыз деп ұсыныс жасадым. Мейлі, олар­ды ата берсін. Көшірмесіне Қазақстан ақша береді. Біздің мүсіншілер мен сәу­лет­шілер соңғы түйіршіктеріне дейін ғажайып етіп өзгеше қайта жасай алады. Бұған Моң­ғолия билігі рұқсат бермеді. Полк басқа жер­ге көшірілгенімен, Мәскеу олардың оспа­дар істеріне тежеу салмады.

– Сіздің 1987 жылы АҚШ-та өткізген түркітанушылар конференцияңыздың нәтижесінде Қазақстанға Күлтегін ескерткіші келгені рас па?

– Иә, рас. 1987 жылы АҚШ-та өткен түр­кітанушылар конференциясын мен ЮНЕСКО-ға хат жазып ұйымдастырдым. Оған дүние жүзінің түркітанушылары қол қой­ды. Біз түркі ескерткіштерін қорғап, Дү­ниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді та­лап еттік. Бір топ түрік ғалымдары кон­ферен­циядан кейін тікелей Моңғолияға ұшып кетті. Олардың Ұлан-Батормен «мо­нологы» ұзақ жыл бойы нәтиже бермеді. 
Тек 90-жылдардың аяғында Қазақ­стан­да ғылым мен мәдениетке жетекшілік ете­тін вице-премьер Иманғали Тас­ма­ғам­бетов болған кезде, біз моңғолдарды Орхон ескерткіштерінің ерекше мәдени құн­ды­лығы бар екеніне сендіре алдық.  Қазір Аста­надағы Гумилев атындағы Еуразия уни­верситетінде орнатылған жазба ескерт-кіштің дәл көшірмесін жасауға жапон ше­берлерімен келісімге келдік. 
2001 жылы 18 мамырда ескерткіштің ашылуын­да сөз сөйледік. Мен жазбадан мы­на сөздерді оқыдым:
«Тунь удумадъм, 
куньдуз олурмадъм, 
кара тарiмдi тöктiм, 
къзъл канъмдъ югурдтiм – 
тÿрк будун учун»

«Түн ұйықтамадым,
күндіз демалмадым,
қара терімді төктім,
қызыл қанымды жүгірттім...
түркі халқы үшін».
Бұл формулаға дейін халық пен мә­дениет мыңдаған жыл бойы тер төгуі ке­рек! Сонда ғана жеке тұлға осылайша өз көз­қарасын, сенімін  білдіре алады. Бұл тіл­де түріктер жаһандық ойларды поэти­калық түрде білдірді. Бұл тіл мыңдаған жыл бойы сақталды.
Қазір ширек ғасыр бойы мыңдаған қазақ студенті осы стелланың жанынан өт­кенімен жазбаша мәдениеттің қазақтарға қандай жолдармен оралғанын білмейді, түйсінбейді.
Түркітанушылардың бірінші буыны атыл­ғаннан кейін түркітану ғылымы да­мы­мады. Ғалымдардың келесі ұрпақтары бұл ескерткіштердің «мүмкін түріктер ис­лам дінін қабылдағанға дейін, яғни біздің дәуіріміздің VII ғасыр шамасында» деп  ша­мамен жасын есептеді. 
Және осыған сүйене отырып, олар түр­кі жазуы мен мәдениетінің дәуірін «ша­ма­мен біздің заманымыздың V-VI ғасырлары» деп есептеді. Барлығы «айналасында». Нақ­ты ештеңе жоқ.
Шумерде түркі мәдениетінің жасын б.з.д. IV мыңжылдыққа, содан кейін ежелгі Еги­петте (б.з.д. III мыңжылдық) анықтаған түр­кі-оғыз жазбаларының  жаңа ескерт­кіш­тері ашылғанға дейін осылай түсін­діріл­ді. Шумер мен Египеттен біз түріктер­дің тарихқа енген кездейсоқ қонақ емес еке­нін, мәдениетті жасаушы халық болға­нының іздерін таптық. 
Мұндай күтпеген жаңалықтар акаде­мик­тер арасында үнсіздік тудыруы мүмкін еді.

БІЛІМ АРҚЫЛЫ МӘДЕНИЕТТЕРДІ ЖАҚЫНДАСТЫРУ

– Сонымен Түркітанушылардың екінші конгресін өткізу туралы әңгіме­ден қандай қорытынды шықты?

– Мен түркітанушылардың екінші конгре­сін өткізуге қарсы болдым және ол ме­нің сөздеріме құлақ асты. Оның орнына біз сол кезде құрылған ЮНЕСКО қам­қор­лығындағы Халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығында белсенді ғы­лы­ми жұмыстарды бастадық және бұл ұйым арқылы біз бірнеше  нағыз маңызды жаңа­лықтар аша алдық. Оның ішіндегі ерек­шесі «Өсіріс заңы». Осыған кеңінен тоқ­талайын. 

– Осы жылдар аралығында біз не біл­­дік? Орталықтың атқарған жұмыс­тары­ның нәтижесі қандай?

– Мәдениеттердің жақындасуы – бұл кон­церттер мен «ән-би» ансамбльдерінің ал­­­­масуы емес деп түсіндірдік. Біздің бағ­дар­­ла­мамыздың мақсаты – Homo Sapiensтерді тәр­биелейтін білім көлемін толықтыру. Әрбір этностың ұлт болып қалыптасуына кө­мектесетін білім. Оларды ғылыми еңбек­тер, конференциялар және мектеп оқу­лық­тары арқылы ұрпақтарға тарату және бе­кіту. 
Мәдениеттерді жақындастырудың Халықаралық онжылдығы әртүрлі елдерде үлкен жұмыс жүргізуге, сондай-ақ Қазақ­стан­да ЮНЕСКО қамқорлығындағы Ха­лық­аралық Мәдениеттерді жақындастыру ор­талығын құруға мүмкіндік берді. Орта­лық әлемдегі өзінің ерекше жақындасу бағ­дарламасы бойынша – мәдениеттердің бас­тауларын және олардың өзара тәуелді тари­хын ашып, алғашқы сөздердің пайда болуын зерттейді.
Орталық ондаған халықаралық кон­ферен­ция мен форум өткізді, онда келесі та­қырыптар алғаш рет талқыланды: «Ағар­тушы ислам және қайта өрлеу дәуірі: Фараб, Бағ­дад және Кордовадан білім мәдениетіне дейін», «Сөз археологиясы», «Саналы өзара тәуел­ділік дәуіріне аяқ басу», «Халықтардың ұлы көші-қоны», «Сандар археологиясы: Шу­мер және арифметиканың бастаулары», «Оқуға құштар ұлттың қайта жаңғыруы», «Қазақстанның зияткерлік тарихы». 
Жүздеген мақала мен баяндама, онда­ған ғылыми журнал мен монография.
Бірақ біз негізгі жаңалықтарымызға енді ғана жақындап келеміз.
Материалдық ескерткіштер емес, алғаш ғылым тілі ежелгі қазақ тілі болған және бү­гінгі қазақ тілінде сақталған әлем тари­хы­ның күтпеген жаңалықтарына кез бол­дық.
Егер бұған сенбейтін болсаңыз, кем де­ген­де тексеру керек.

– Ежелгі Египетте егіншіліктің пайда болуы туралы ЮНЕСКО қамқор­лы­ғындағы Ха­лықаралық Мәде­ниет­терді жақындас­тыру орталығының ға­лым­дары ашқан «Өсі­ріс заңына» то­лығырақ тоқталып кет­сеңіз.

– «Өсіріс заңының» ашылуы – ежелгі Еги­петте алғаш рет айтылған белсенді егін­шілік формуласы. Қазақ тілінде сөй­лей­тін­дер – бұл білімнің мұрагерлері.
Сол көне заманда екі түркі халқы ерек­ше көзге түскен. Оғыз түркілерінің тас стел­­­­лалары күні бүгінге дейін сақталған. Ал Осирис бейнелеріндегі жазба мәдениет ес­керткіштері бізге енді ғана ашылып келе жатқан ежелгі қазақтардың мұрасы.
...Біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мың­жылдықта түркі тайпаларының бір бөлігі Ұлы Ніл өзеніне дейін жеткен. Бұл өзен адам­дар мен жануарлардың сусынын қан­дырып қана қоймай, өсімдіктер мен шөп­тердің өсуіне де ықпал етті. Олар шөлді ке­сіп өткен өзеннің жағасында жайқалып өсті. Қыпшақ түріктері бұл құбылысқа тән­ті болып, шабыттанды.

– Мұны «Белсенді егіншілік заңы» деп атауға да болады екен ғой?

– Ал кейін тәңірлік еткен бас перғауын бұл жаңалықты нақты пайдалануды ұсы­нып, «Белсенді егіншілік заңын» ежелгі қа­зақ сөзімен бекітті: 

OSIRÍS – «ӨСІРІС» (қазақша)

…Ежелгі суреттерде Осирис шалқасынан жатқан кейпінде бейнеленген. Оның дене­сінде Заңды бейнелейтін тік ұзын өсімдік сабағы өскен. Осиристің ағаш қораптары да салт-дәстүрлік мақсатта қолданылған: іші қуыс, олар топырақ пен дәнмен тол­ты­рыл­ды, ал қақпағына тесіктер бұрғыланды, осы тесіктер арқылы жасыл көшеттер пай­да болды. Оның ғибадатханаларының ай­на­ласына жылдың әр күнін бейнелейтін 360 немесе 365 ағаш отырғызылды.
Енді бұл заңды Ежелгі Египетте айтыл­ған­дай тек қазақтар ғана оқи алады:
ÖS '- ӨС – «өсу!» (қаз.) 
ÖSÍR (ӨСІР) – «өсір!» (қаз.) 
ÖSIRÍS (ӨСІРІС) – «өсіріс» (қаз.)
Бес мың жыл бұрын қалыптасқан грам­ма­тикалық қатардың семантикалық үйле­сімділігі мен кескіндемелік дәлдігі әлемнің қай тілінде сақталған? Біз Osiris формула­сы­ның грамматикалық дамуының дәлдігін қа­зақ тілінен көріп отырғанымыздай, әлем­нің басқа тілдерінен таппадық.
Тіл мамандары бұл таңғаларлық құбы­лыс­ты шынайы зерттей отырып, қазақ ті­лі­нің ақыры ғылым тіліне айналғандығына куә болады!
Ал қазақтың ежелгі Osiris деген сөзімен Ніл жағасында белсенді егіншілік бағдар­ла­масын алғаш жариялағанын әлем білетін бо­лады. Бұл формула Ежелгі Египет дән өсіру мәдениетін қалыптастырды. Көкке ұм­тылған пирамидалардың үшкір пішіні­нің шығу сыры да көкөністің жерді жарып шыққан өскінінің құпия бейнесі болуы мүмкін бе?
Египтологтардың бірнеше ғасыр бойы Осиристің аграрлық саладағы өрлеу себеп­терін зерттеуі сәтсіз болып келеді. Олар бұл сөзді гректерден кейін бұрмаланған екпін­мен қайталайды. Ғасырлар бойы египеттану ғылымында қазақ тайпасының ертедегі ата-бабалары игерген, бірақ кейінгі тарих­тың таусылмайтын сынақтарында жоға­лып кеткен «Өсімдіктер құдайының» атау-формуласын және егіншіліктің шығу тегін тү­сіндіретін ешкім табылмай отыр.

– Соған байланысты біздің жаңалы­ғы­мызды жоққа шығару мүмкін бе?

– Бәлкім, дүниежүзілік тіл білімінде қа­­лыптасқан түркі тілдерінің дәуірі – «б.з. бі­рін­ші мыңжылдықтың алғашқы ғасыр­лары­нан» бастау алған болуы мүмкін.
Ата-бабалары тек жойқын жорықтары­мен ғана тарихта аты шыққан қазақтарды мәң­гілік көшпенділер деп санайтын ака­де­миялық қараңғылық ғасырындағы зұлмат дәуірлердің теріс ұғымдарын жаңа ұрпақ жоқ­қа шығарып,  жеңуі тиіс.
Ежелгі заманда Осирис Заңының адал орындаушылары болған көшпенділердің ті­лінде айқын сақталған белсенді егінші­лік­тің заңнамалық формуласының грам­ма­тикалық даму жүйесінің ашылуы оқы­мысты ғалымдар әлемін дүр сілкіндіретін болады:

ӨС – «расти!»  – ӨСÍР – «взращивай!» – ӨСІРÍС – «взращивание» (каз.).

Бұл формуланы талдау әлемдік линг­вис­тер мен мәдениет тарихшылары үшін көптеген күтпеген жаңалық сыйлауы әбден мүмкін.
Олар ғасырлар бойы ös белгісі мен сөзі славяндарға да белгілі болғанын біледі. Олар күрделі белгінің жалпы атауын бөлік­терге – тік сызыққа теліді. 
Оның атауы осы ұғымды білдіретін ось сө­зіне айналды. Бірақ бұрынғы түркі мағы­на­сындағы– «өсе бер!» – тез өсетін ағаш­тар­дың (осина, осьпа, осика, ясень) және өсім­діктердің (осока) славян атауларында қалды.
 Гректер жасанды жұмсақты (ö) «табиғи жұм­сақ» e етіп көрсетуге тырысты. Олар Оси­рис заңын біліп, оны алғашқы ұрпақ­тарға бұрмаламай жеткізді. Бірақ олар жаңа сөздерді үйренген кезде оларды жұм­сақ «е»-ге бейімдей бастады. Бұл оңтүстік славян­­­дық есика,  ясика – «осина» (нем. espe, wespe), ясень пайда болуымен түсін­діреді.
Славяндарда сақталған ежелгі *еsen ' тү­бірінен орысша ясень, серб.- хорв. Jасеn-нен (а латыш. jоsеn – «ясень» тікелей *ösen) шық­қан болуы мүмкін. Жіңішке дыбысты қабылдаудың бұл құбылысы да тіл маман­дарының әлі күнге дейін меңгере алмаған жаңалығы.
*өcь (ös) – «өсу» түбірінің бастапқы ма­ғы­насын қалпына келтіру алғашқы жұм­сақтық (*ösen’) белгілері сақталған тағы бір «қара» сөздің, осень шығу тегін түсінуге мүм­кіндік береді. Қазақ тілінде сөзбе-сөз «өс­кен» дегенді білдірсе, славян тілінде «же­містердің бәрі өсіп, піскен жылдың күз мез­гілі» деп түсінген. Енді біз егіншілік мә­дениетінің қалай басталып, қалай жойы­лып кеткенін білеміз.
Бұл егіншілік мәдениеті ғасырлар бойы дү­ние жүзіне таралып, онда әр тайпа мен ай­мақ оның атауына өзінше өзгерістер енгі­зіп, ақырында қазақтың ата-бабалары Оси­рис заңын  жадынан шығарып, ұмыт­қан нағыз көшпенділерге айналды.
...Мыңдаған жыл өтті. Көшпенділік жал­ғасып, халық ғасырлар бойы қалыптасқан егін­шілікті ұмытты. Өмір салты өзгеріп, Osiris қазақ тілінде бір кездері Құдайдың фор­мулалық есімімен айтылатын мағына­сын жоғалтты. Қазақтар егіншілікті ұмы­тып, ғасырлар бойы маусымдық өсірілген дала өсімдіктерін мал азығы ретінде пас­сивті қолдана бастады. Осылайша, олар Ежел­гі Египетте алғаш рет көрінген мате­рия мен мәдениеттің ұлы қозғалысын жо­ғалтып, біздің заманымызға жетті. 
Мәдениеттерді жақындастыру орталы­ғы осы күзде жаңа ғылыми пән – осироло­гия­ны талқылауға арналған халықаралық кон­ференция өткізуді жоспарлап отыр. Тал­қылауды осы бастан жүргізуге әзір. Мәң­гілік көшпенділердің ата-бабаларының бір кездері дүниежүзіне егін шаруашылығы мә­дениетін тарту еткені тарихымызды ақи­қатқа жетелейді. Бұл бір сөздің емес, өр­ке­ниетті дүниеге әкелген тұтас грамма­ти­калық және мәдени жүйенің ашылуы.
Арада мыңдаған жыл өткенде ғалам­шар­дағы сақталып қалған жүздеген тілдің ішін­де Осирис заңының қазақ тілінде ғана сақталып, бүгінге бүлінбей жетуі еліміздің еңсесін көтере түседі.  
Бұл әлемге егіншілікпен қосарлана мә­дениеттің қалай пайда болғанын білуге кө­мектесетін мыңжылдықтардың тілі. 

– Олжас Омарұлы, салиқалы сұхба­тыңызға рахмет! Сонау Алтайдан Аты­рауға дейінгі ұланғайыр жерімізде «Бел­­сенді егіншілік заңы» қайта жаң­ғырсын деп тілейік!

Сұхбаттасқан – 
Ескендір ЕРТАЙ

Тэгтер:

қазақ тілі Осирология Олжас Сүлейменов