Арқаны ән дүлдүлі тебірентті

Бүгін, 14:30 / Túrkіstan International Political Weekly

Жуырда «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық ұйымы «Халық қазынасы» бірлестігінің» ұйымдастыруымен қазақ әнін әлемдік дейгейде насихаттап, жүздеген шәкірт тәрбиелеген айбоз әнші, Қазақстанның Еңбек ері Қайрат Байбосыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті. 

Биылғы жылды «Дәстүрлі өнердің асығы алшысынан түскен жыл» десе де артық емес. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ән өнерінің дүлдүлі Қайрат Байбосыновқа Қазақстанның «Еңбек ері» атағын беруі бір халықтың жа­нын тербеген, танымын кеңейткен, тал бесіктен жер бесікке дейін өмірінің өзегіндей ән өнеріне һәм дәстүрлі музы­камызға деген құрметі еді. Қайрат Бай­босы­нов десе, салқар даланың сан ға­сыр­лық әуезі еске түседі. Ол салған әнді тың­дай отырып, ғасырлар керуеніне қайта бір үңіліп, ұланғайыр даланы ән қа­натымен шарлайсыз. «Қазақ даласы ән салып тұрғандай сезіледі» деген сөзді есті­ген сайын көз алдымызға домбы­ра­сын бебеулетіп, қоңыр дауысымен тұтас дүниені тербеген әнші келеді. 
Қазақта «Қыз Жібек» секілді клас­си­калық киноны көргендер, ондағы ерек­ше дауысты жазбай таниды. Сондағы ерек­ше дауыс иесі әлі жиырмаға толма­ған Қайрат Байбосынов екенін көпшілік біл­се керек. Сол бір қазақ руханиятының ұжданына айналған алтын шоғыр – әр саланың майталмандары түсірген көр­кем­фильмді көргеннен бері де жарты ғасырдан артық уақыт өтті. Содан бері қазақ ән өнері Байбосынов әлемімен қауы­шып, ол орындаған бірегей әнді есту­ді өзіне бақыт санайтын тұтас буын­дар өсіп-жетілді. Оның әнінен рахат күй кешіп, ол салған әнмен жұбанатын естияр жұрттың саны мол. 
Бір емес бірнеше ұрпақты сұлу дау­сына сүйсіндірген бірегей дарын иесіне арналған кешке қазақ даласының түпкір-түпкірінен жүзден аса әнші қатысты. Сержан Мұсайын «Ырғақтыға» басты, Нұржан Жанпейісов «Қоңыр қазды» қалықтатты, Дәуренбек Әркенов «Дәурен-айды» жалындатты, Ербол Айтбаев «Жиырма бесті» күр­кіретті, Қайрат Кәкімов «Көкай­дайды» шарық­татты, Сәуле Жанпейісова «Ақ жайық­ты» шалқытып, Ардақ Исатаева «Баян ауылды» түрлентіп, Толғанбай Сен­баев «Сұржекейді» желдіртіп, Еркін Шүкіман «Ләйләмді» шырқап, Клара Төлен­баева «Сандуғашты» сайратып, Ерлан Рысқали «Дудар-айды» еркелетіп, Рамазан Стамғазиев «Алты басарды» әуелеткен тарихи кеште Майра Ілиясова он алты қызбен шығып «Майраның әнін» толқытып, Қарақат Әбілдина қы­рық қызбен шығып жетіген сүйемелінде халық әні «Секіртпені» сызылтып, Зәуре Жәкешова жиырма қызбен шығып халық әндерінен поппури орындап, Айгүл Иманбаеваның AI театрі қойылым көрсетті. 
Әйгілі әншілердің дауысы көкті тіл­гілеген кеште Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов: «Бір әннің бағын ашқан әнші де үлкен құрметке лайық. Ал Қайрекең жүздеген әнді асқан шеберлікпен орындап, өнерсүйер қауым­ның аңсарына айналдырды, тың­дарман талғамын тәрбиеледі! Осы күні өзінің сара жолын салған, өз мектебін қалыптастырып, ұлағатты ұстаз атанған Қайрат Байбосыновты – «киелі өнердің ардагері, есті әннің кемеңгері» десек қан­дай жарасады» деп толғады профес­сор.
Байбосынов әлемін зерттеп, зер­делеп жүрген ғылыми орта, музы­катанушылар жетерлік. Әншінің шәкірт болғанын мақтан етер өнерпаздардың да қатары мол. Бағлан өнердің бағына туған жасампаз тұлғаның өз мектебі қа­лыптасты. 
«Оған ешкімде жоқ үн берген тәңір оған әдемі түр берген. Ілкімді түйсік, икем­ді саусақ, кең тыныстан шыққан әні­нен самалы жұпар дала келеді көз ал­дыңызға. Самал екпіндеп желге ұла­сып, жусанды тербейді. Жусан иісі қол­қаңды қауып, жансарайыңды ашпақ. Егіледі, екіленеді, сезіміңді қытықтайды. Есіріп, құтыратын кезі және бар. Қыс­қасы, Қайрат-шебер!
Әндегі биік ноталардың талабы түсінікті, әдетте сырт көзге дәстүрлі ән­ші­нің қуаты, дауысының пашы, сол биік но­таларда бой көрсетпек. Көбіне төмен­гі регистрдегі дыбыстар «жол-жөне­кей­лік» рөлге ие. Ал Қайрат орындаған әнде бұл жайт қалпын бұзған деуге болады. Үн қуатының төменгі регистрде кемуі заң­ды құбылыс. Ілуде шалу әншінің ән­шісі болмаса, әдетте төменгі регистр бір­аз өнерпаздың «абыройын төгіп» кете­тіні болады. Осы бір заңдылыққа ерегіскендей Қайрат үнінің бояуы әлгі сындарлы тұста тіпті қаныға түседі. Үн көлемі толығып қана қой­май, қоюы маңызданып, тыңдау­шы­ның қыбын қандыра, қобыздай күңі­ренеді», деген еді әнші Бекболат Тілеу­ханов ұстазы тура­лы «Алаштың айбозы» атты мақала­сында. Әншінің шеберлігі мен ән айту­дағы өзгеге ұқсамас ерек­шелігі туралы бұдан артық айту қиын. Қайрат Байбо­сынов кешегі Ақан мен Біржанның көзі секіл­ді, қандай ән айтса да, өзіне ғана тән асқақтық пен биіктік менмұндалап тұрады.
«Қайрат ағаның жас кезінен бастап ән­дері үн таспаға түсе бастаған. Салған әні­нің көбіне жаңаша аспаптық сүйемел жа­саған. Әннің шумақтарының арасына ән табиғатына, аспаптық музыкаға, яғ­ни домбыраға тән қайырма еңгізуі де ән­ші аға әкелген жаңалықтың бірі. Оны Ілия Жақановтың «Толағайы» мен Бір­жан салдың «Ақсеркеш» сынды әндерді орындауынан байқаймыз. Біржан сал­дың «Айбозым» әнін шырқарда шертпесі қан­шалықты көркем болса, халық әні «Ағаш аяқ» пен Үкілі Ыбырайдың «Жиыр­ма бес» әніне жасаған кіріспесін «Қай­раттың төкпесі» деп айтса да жара­сады. Әнге домбырашылық шеберлігі ажар беріп, характерін ашты.
Музыканттың жас күнінде, жігіт ағасы болған шағында, егде тарт­қанында салған әнінде айтарлықтай өзге­шеліктер бар. Әнші үнемі ізденіс үстін­де болған. Қазірдің өзінде көңілінің тол­қыны тулап, шабыттанып отырғанда «мы­на әнді осылай айту керек екен» деп ше­шім қабылдап отырады. «Сыр сандық» кіта­бын жазу барысында бір-біріне ұқ­сап тұратын, совет дәуіріндегі комп­о­зи­тор­лардың ырғағы бір (3/4 вальс ырға­ғына құрылған) жүздеген әнді әуенін шатастырмай айтып отырғанда музыка­лық жадына қайран қалғаным бар», деп толғаған еді күйші, өнертанушы Қайрат Айтбаев. 
«Алаштан ән оздырған» тұлғаның ке­­шінде қазақ даласының төрт бұры­шы­нан дәстүрлі өнердің кілең саңлақ­тары жиналды. Арқа төсі әнмен тербе­ліп, әуенмен тебіреніп, бір жасап қалды. Ұлттық өнердің ұлы мұхиты – ән өнері Байбосыновтай әншісі, соңына ерген он­да­ған шәкірті барда, арнасын тарылт­пай­тынына, кемерінен асып-төгіліп, та­сып-толқып болашаққа озатынына куә болып қайттық. Есті ән айтылған мұн­дай кештерді есірік әуенге пейілді за­манда жиірек тыңдап тұру жүрекке емдей сезіледі. 
 Елді еміренткен кеш соңы ерекше сим­воликалық бағыт алды. Ән өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Қайрат Әукенұлы бөр­кін, сақинасы мен белдігін ізбасар­ларына тарту етіп, немере шәкірті Дияс Мұратханның домбырасына үкі тағып батасын берді. Концерт соңында жетпіс бес әнші сахнаға шығып Үкілі Ыбырай­дың гәккуін шырқады. Үш мың адамдық залдағы концерт үш сағатқа созылса да, бірде-бір тыңдарман залдан шығып кет­педі. 
Біріншіден, бұл, қадірлі көрерменнің киелі өнерге деген ерен құрметі десек, екін­шіден ән өнері ардагері, ұстаз Қай­рат Байбосыновтың еккен жемісінің қаулап өскенінің белгісі дер едік.

Н.САРША

Тэгтер:

ән жыр