Мәртөк ауданы ауылдарды газдандыруды жеделдетті

Бүгін, 14:00 / Túrkіstan International Political Weekly

Осы аптада Ақтөбе облысы Мәртөк ауданына қарасты Бөрте, Қызылжар, Шевченко ауылдарына көгілдір отын берілді. Қазір тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Олар көп жылғы бейнеттен құтылғанына дән риза. 

Аудандағы үш елді мекенді газбен қам­туға бағытталған жобаны «Ерзат» өндірістік кооперативі жүзеге асырды. Жоба құны – 1,4 млрд теңге. Аталған қаражатқа 74 шақырым газ құбыры тартылды.
Қызылжар ауылдық округінің әкімі Арман Ахметовтің айтуынша, бұл қуанышты округ тұрғындары ұзақ күткен.
– Біздің ауылдық округ аудан орта­лы­ғы­нан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Ок­руг құрамына Шевченко, Қызылжар, Бөр­те ауылдары кіреді. Бүгінде Шевченко ауы­лын­да – 52, Қызылжарда – 110, Бөртеде 115 тү­тін бар. Ал әлеуметтік нысандарға келсек, округ­те 3 мектеп, 3 клуб, екі кітапхана, бір ме­­дициналық амбулатория, екі меди­ци­на­лық пункт бар. Округтің үш елді мекені ор­та­лықтандырылған ауызсумен қамтылған. Қа­зір үш ауылдың 75 пайызы газға қажетті құ­рал-жабдықтарын сатып алып, құжат рә­сім­деу жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді ауыл әкімі.
Биыл Бөрте және Шевченко ауылдық клуб­тарына жылу жүйесі жүргізілген. Ауыл­дық округтегі барлық елді мекен көше­лері жа­рықтандырылған. Үш елді мекенде де Activ және Beeline операторларының ұялы бай­­ланысы, сондай-ақ Globus Telecom ком­па­ниясының жоғары жылдамдықты интер­неті бар. Округтегі 3 табиғи бұлақ қалпына келтіріліп, абаттандырылған.
Қызылжар округінің орталығы – Қызыл­жар ауылының тұрғыны, зейнеткер, жеке кә­сіпкер Әділбек Қуановтың айтуынша, кө­­­­гілдір отынның келуі елді мекеннің да­муына серпін береді. Әсіресе, мұндағы жеке кә­сіпкерліктің өркендеп, дамуына ықпал етпек.
– Өзім Қызылжар ауылына Ақтөбе қала­сы­нан 13 жыл бұрын көшіп келгенмін. Біз осын­да келгенде ауылда жол да, байланыс та, ауызсу да болған жоқ. Міне, қазір барлық инф­рақұрылым бар, газ да келіп жатыр. Өте қуа­ныштымыз. Осы күнге дейін көп жыл те­зек, көмір, ағаш жағып келдік. Күз айла­рын­да отын тасып, біраз қиындық көретін­біз. Енді сол бейнеттен арылдық. Ауылымызға 2017 жылы ауызсу келіп, бір қуанған едік. Мі­не, тағы қуанышқа кенеліп жатырмыз, – дей­ді ауыл тұрғыны.
Әділбек Қуанов зейнет жасында болса да әлі күнге дейін жеке кәсіппен айналысады. Ол ара өсіріп, алған өнімін облыс, аудан тұр­­­ғындарына сатады. Бұдан бөлек, қой, жылқы бағады. Жеке шаруашылығы бар. 
Оның айтуынша, Қызылжар ауылында бала саны азайған, қазір балабақша жұмыс іс­те­мей тұр. Сондықтан ауылға көшіп келе­тін­дер болса мұнда барлық жағдай бар. Сон­­дай-ақ ауылдағы дәрігерлік амбу­ла­то­рия­ға дәрігер керек. 
– Ауылдағы орта мектеп ғимараты осы­дан бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Көшелерге жол салынып, интернет жұ­­мыс істеп тұр. Қазір мал бағып, жеке кә­сіп­пен айналысып жатқан ауылдастарымыз көп. Жастар да еңбекқор, әр салада жетіс­тік­тер­ге жетіп жатыр, – дейді зейнеткер.
Ал Бөрте ауылының тұрғыны, 72 жаста­ғы ардагер Ақборық Есмағамбетова – отба­сын­да 8 бала тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана. Бүгінде сол ұрпағынан 15 немере, 4 шө­­­­бере сүйіп отыр.
– Бұрын үйді көмір мен тезек жағып, жы­­­лыттық. Үйдің іші күл мен қоқыстан та­зармайтын. Енді газ келді, бәрі жеңіл болады, тұр­мысымыз да жеңілдейді. Бұл – біз үшін ерек­ше қуаныш, – дейді ол.
Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқа­қов­тың айтуынша, биыл ауданда бірқатар әлеу­меттік маңызы бар жобалар жүзеге асы­рылуда. Мысалы, Мәртөк ауылында Өнер ор­талығы мен өрт сөндіру бекетінің жаңа ғи­мараты салынып жатыр. 
Білім беру саласы бойынша Сарыжар ауылында бала санының өсуіне байланысты 300 орындық «Жайлы мектеп» жуыр­да ашылды. Мәртөк ауылындағы №3 Мәр­төк орта мектебінде спортзал құрылысы жүр­гізілуде. Сондай-ақ Кеңсахара ауылында 100 орындық, Достық ауылында 60 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды. Мәртөк жә­не Жайсаң ауылдарында теміржолдан өту­ге арналған жаяу жүргіншілер көпірін салу бойынша құжаттар да әзірленуде. 
– Мәртөк ауданында 32 елді мекеннің 24-і орталықтандырылған ауызсумен қам­та­масыз етілген. Мәселен,  2021-2022 жыл­дары халық са­ны 200 адамнан төмен 8 ауыл­ға кешенді блок-модульді су тазарту стан­сасы орнатылды. Нәтижесінде, 670 тұрғын таза ауызсумен қам­тылды. Бүгінде Хазірет және Кеңсахара ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңарту үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Со­нымен қатар Шевченко ауылының ауызсу жүйесін жақсарту мақсатында су айдау бекетіне су тазарту фильтрі орнатылды. Қазір 20 ауылдың тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Аққайың ауылында тар­тылатын және кентішілік газ құбырын салу бойынша жұмыстар қолға алынуда. Жобаны іске асыруды бастауға облыстық бюджеттен 33,9 миллион теңге қаржы бөлінді, – дейді аудан әкімі.
Оның айтуынша, ауданда жол салу бойын­ша жобалар да қарқынды жүзеге асы­рылуда. Мәселен, «Родниковка-Мәртөк» ба­ғы­­тындағы жолға  орташа жөндеу, респуб­ли­ка­лық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» магистралі бойында 37,5 шақырым жол­ға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. «Мәр­төк – Дмитриевка – Байторысай – Пол­тавка» және «Байторысай – Шевченко» ба­ғыт­тарындағы жолдар да орташа жөндеуден өтуде.
Ал өткен айда «Қызылжар – Бөрте» бағы­тын­дағы көпірдің құрылысы басталды.
– «Мәртөк-Қаратаусай» (0-11,4 ша­қы­рым) жолы бойынша жұмыстар толық аяқ­тал­ған жоқ, жобаға түзету енгізілуде. Ауыл жол­дарға да қиыршық тас төселіп, тегістеу жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр Сары­жар ауылында Әйтеке би, Иманов, Әл-Фара­би, Абай көшелеріне асфальт төселді. Қазіргі таң­да аудан орталығы Мәртөк ауылының 10 кө­шесіне қиыршық тас  төселіп тегістелді жә­не 6 көшесіне асфальт төселді. Мәртөк ауы­лының жаңақоныс аумағында 6 шақы­рым жолға қиыршық тас төселіп, су өткізу құбыры орнатылды. Жалпы, ауданда барлық сала тұрақты дамып келеді. 30 мыңға жуық тұрғыны бар Мәртөк ауданы өзге аудандар­дан марал, егін шаруашылығымен ерекше­ле­не­ді. Ал биыл аудандағы бірқатар ауылға кө­гілдір отынның келуі – біз үшін зор қуа­ныш. Газ келсе, ауылдар дамып, жеке кәсіп­кер­лер саны артады, шаруашылықтар жұмы­сын кеңейтеді, – дейді Медет Ысқақов. 
Ақтөбе облыстық Энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, биыл Мәртөк ауданында 16 елді ме­кенге газ берілген, жыл соңына дейін тағы 12 ауыл газ құбырына қосылады. Қазір мұн­да­ғы 32 елді мекеннің 17-сі немесе 25 712 тұрғын газбен қамтылған. 
– Биыл жыл соңына дейін көгілдір отын­мен қамтылған ауылдардың саны 23-ке же­тіп, халықтың газбен қамтылу деңгейі 94 пайыз болады. Алдағы жоспарымызда аудан­да­ғы Хазірет, Ақмоласай, Байнассай, Ақ­қайың ауылдарына газ жеткізу, сондай-ақ Пол­тавка мен Покровкада құрылыс жұмыс­та­рын бастау міндеті тұр. Бұдан бөлек, Дмит­риевка, Құрмансай ауылдарына газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар әзір­­ленуде. Бұл бағыттағы жұмыстар келесі жы­лы да жалғасады, – дейді Арысұлан Айт­баев.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы

Тэгтер:

Ақтөбе газдандыру