Кеше Парламент мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаевтың төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында мәдениет нысандарын салу және жөндеу, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында көтерген жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері қаралды.
— Биыл біз Кеңестің екі көшпелі отырысын ұйымдастырдық. Бірі Петропавл қаласында, екінші Қызылорда қаласында өтті. Онда «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында айқындалған мәдениет объектілерін салу және жөндеу жұмыстары қарастырылды және аймақтағы мәдениет саласының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Әрине, бұл салада Қызылорда облысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Ал, мәдениет саласындағы мәселелер қордаланған өңірдің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Біз Қызылжар өңіріндегі руханият пен мәдениеттің бүгінгі хәл-ахуалын біліп, халықтың үнін тыңдап қайттық. Отырыстың 16 тармақтан тұратын хаттамасы әзірленіп, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдадық, — деді Аманжол Әлтаев.
Отырыстың бірінші бөлімі «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында айқындалған мәдениет объектілерін салу және жөндеу жұмыстары қарастырылды және аймақтағы мәдениет саласының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов мағлұмат берді.
Сенатор Нұртөре Жүсіп Қызылорда облысындағы «Руханият сарайлары» тәжірибесін оң үлгі ретінде атап өтті. Дегенмен басқа өңірлерде жоспарлау кезінде жүйесіздік орын алып отырғанын да жасырмады.
Оның айтуынша, мәдени нысандарды салуда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану керек. Артық шығынға жол берілмеуі тиіс. Мысалы, жаңа мектептердің спорт залдарын мәдени іс-шараларға да бейімдеу тиімді шешім болар еді. Оған қоса, ол елдегі тарихи мұраларды қорғаудағы олқылықтарға тоқталып, Тәжікстандағыдай реставратор мамандарын дайындау тәжірибесін әкелу керегін жеткізді.
"Түркістандағы кесенелерді жөндеудегі қателіктер, Жошы хан кесенесінің айналасында орын алып жатқан күмәнді жобалар, петроглифтердің жойылу қаупі мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс", — деді ол.
2025 жылдың басындағы ресми мәлімет бойынша республикада 3 076 мәдени-демалыс ұйымы, 3 920 кітапхана, 282 музей, 74 театр және 50 концерттік ұйым жұмыс істейді. Бұл ауқымды мәдени желі ел тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр. Дегенмен оның көп бөлігі ауылдық жерлерге тиесілі. Мәселен, шамамен 1 100-ден астам мәдениет үйі ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан еліміздегі мәдениет үйлерінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.
– Қазақстандағы мәдениет үйлері – ұлттық бірегейлікті сақтайтын әрі қоғамдық өмірді жандандыратын маңызды мәдени инфрақұрылым. Дегенмен олардың жағдайы әркелкі, бірқатары заманауи талаптарға сай болса, көбі ескі ғимараттарда орналасқан, күрделі жөндеуді қажет етеді. Көптеген мәдениет үйі 1960-1980 жылдары салынған. Жылу жүйесі, қауіпсіздік талаптары, сахналық жабдықтары ескірген. Бұл халыққа сапалы мәдени қызмет ұсынуға кедергі келтіреді.
Екінші үлкен мәселе – кадр тапшылығы. Ауылдық мәдениет үйлерінде кәсіби мәдени менеджерлер жетіспейді, жастардың көпшілігі қалаға кетеді. Бұл шығармашылық үйірмелердің дамуын тежейді.
Үшінші түйткіл – қаржыландырудың тұрақсыздығы. Аймақтар арасында бөлінетін қаражат тең емес, ал орталықтандырылған бюджет көбіне музей, кітапхана, театр секілді нысандарға бағытталады. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық айқын сезіледі. Алматы мен Астанада халы-қаралық фестивальдер, заманауи жобалар өткізілсе, ауылдық мәдениет үйлері көбіне дәстүрлі мерекелік іс-шаралармен шектеледі. Бұл ауыл жастарының өнер мен мәдениетке тартылуын азайтып отыр. Сондықтан барлық мәдениет үйлерінің нақты жағдайын анықтап, толық аудит жүргізу маңызды. Сонымен қатар пилоттық бағдарлама аясында кемінде 50 ауылдық мәдениет үйін жөндеуден өткізіп, сахналық және дыбыс жабдықтарын мобильді форматта жеткізуді қолға алу керек, – деді.
Жиынның екінші бөлігінде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған жасанды интеллект дәуіріндегі өзекті мәселелер және оларды цифрлық өзгерістер арқылы шешу жолдарын талқылады.
Жасанды интеллектіні біреулер бәсекелес ретінде қарастырса, басқалары онды қүнды одақтас ретінде қабылдайды.
– Театр режиссері ретінде мен жасанды интеллектіні өзіме ассистент ретінде қарар едім. Қазақстан жағдайында жасанды интеллектінің ерекше қолданылуын шығармашылық жаңашылдық әдістері арқылы өздерінің Instagram парақшалары мен рилстарда көптеген қаралым жинап, ел ықыласына бөленіп жүрген higgsfield.ai платформасын айтар едім. Жасап жүрген жұмыстарының сапасы өте жоғары деңгейдегі бұл платформа қазір миллиардерлер продакшнға айналды. ЖИ әсіресе оператор, фох-пуллер сияқты кино саласы мамандарының орнын басады, – деді Астана қаласы музыкалық жас көрермен театры-ның директоры Асхат Маемиров.
– ЖИ-дің мәтін, сурет, бейне және музыка жасау мүмкіндіктері қарқынды дамып келеді. Бұл ретте медиа саласында авторлық құқық мәселесі өзекті болып отыр. Егер ЖИ қазақша контентті пайдаланып жаңа өнім шығарса, оның авторлығы кімге тиесілі болмақ? Оны жасаған ЖИ-дің өзіне ме? ЖИ-ді жасап шығарған компанияға ма? Әлде, бастапқы деректерді жазған түпнұсқа авторға ма? Немесе пернетақтада саусақ ұшын ғана қимылдатып, қажетті промптты (сұранысты) енгізген адамға ма? Мәселен, егер ЖИ-ге Абайдың барлық өлеңдері жүктеліп, ол сол стильде жаңа бір өлең құрастырса, «Бұл жаңа өлеңнің авторы ЖИ ме, әлде бастапқы дереккөз – Абай ма?» деген сұрақ туады. Немесе ЖИ-ге белгілі композиторлардың шығармалары енгізілді делік. ЖИ соның негізінде жаңа әуен жасайды. Бұл әуенді орындағанда, оның түпнұсқалық авторларының құқығы ескеріле ме? Міне, осы секілді әлі жауабы табылмаған сауал көп. Мұны заңдық тұрғыда нақтылау қажет. Авторлық құқық туралы заңға толықтырулар енгізіп, ЖИ туындыларын қолдану тәртібін белгілеу керек, – Elorda Aqparat ЖШС директоры Олжас Сыдықбек.
Жасанды интеллект мәселелері бойынша арнайы министрлік құру – әлемдік деңгейдегі жаңа үрдіс. Бұл бағыттағы алғашқы қадамды Біріккен Араб Әмірліктері жасап, Жасанды интеллект министрлігін құрды. Аталған мемлекет 2031 жылға дейін осы салада әлемдік көшбасшы болуды стратегиялық мақсат етіп отыр. Осы тұрғыда елімізде құрылған Жасанды интеллект министрлігінің де көздеген мақсаты одан кем болмауға тиіс.
– ЖИ-мен толық әрі сапалы жұмыс істейтін мамандар, өкінішке орай, өте аз. Бізде барлық мекемелерде ЖИ бағытындағы жұмыс ауқымы штаттағы IT немесе программист мамандарына беріледі. Осы мәселе шешілуге тиіс, барлық салмақты бір ғана маманға жүктеу дұрыс емес. Елімізде жаңа министрлік құрылды, сондықтан әр мекемеде арнайы бөлім немесе штаттық ЖИ маманы лауазымы енгізілуге тиіс. Ірі мәдениет ошақтарын қоспағанда аймақтардағы ЖИ мамандарын тарту мен оларға бар жағдайды жасау аса маңызды. Барлық мекемелерде бүкіл ұжымға арнайы оқытулар жүргізіліп, Жол картасы немесе басқа деңгейде жоспарлар бекітіліп жұмыс басталу керек. Бірақ бұл жоспарда нақты жасай алатын және нақты орындалатын жұмыстар айқындалу керек. ЖИ сапалы жұмыс жасау үшін соңғы үлгідегі заманауи жабдықтар керек, ол қуаты мықты компьютер, планшет, ноутбук және мәтінді оқи алатын сканер алыну қажет. ЖИ жүйесін пайдалану үшін арнайы программаларды жүктеп, оларға ақылы негізде жазылу керек, – деп түйіндеді ойын «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.
Мемлекет басшысы осы Жолдауында алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойған болатын. Өткен аптада Мәжіліс қабырғасында «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Бұл маңызды құжат – еліміздегі жасанды интеллектіні дамытудың құқықтық негізі болмақ. Сондай-ақ жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады.
А.БИМЕНДИЕВА