Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтуі мүмкін

Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтуі мүмкін

Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті өтуі мүмкін
ашық дереккөзі
2017 жылдың 10-11 қыркүйегінде Астанада ғылым мен технология бағытында Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитін өткізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстыру барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Осы орайда, министр Қазақстанға тәжірибе алмасу мен техникалық мүмкіндіктер үшін жағдай жасалып, алдыңғы қатарлы сарапшылар тартылып, бірлескен зерттеулер жүргізуге жол ашылатынын атап өтті. Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов аталған саммитті өткізу бастамасын бастапқыда ИЫҰ бас хатшысы көтергенін, шараны Пәкістан ұйымдастыруы тиістігін жеткізді. Алайда, бұл ел өзіне осы міндетті алуға қауқарсыз болды. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммитті өткізу бойынша барлық міндеттемені алу туралы шешім қабылдады. Осы орайда шараны ұйымдастыру тұрғысында жұмыс жоспарын бекітті. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша Сыртқы істер министрлігі негізгі әзірлеуші болып табылады. Саммитті өткізгенге дейін аға лауазымды тұлғалардың бірқатар кеңестері өтеді», - деді Камалдинов. Сонымен қатар ол аталған шараның қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігінің қамқорлығымен үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылатынын атап өтті. «Саммитке мемлекет басшылары шақырылып отыр. Қазіргі кезде қатысатындығын растаған елдердің тізімін құрып жатырмыз. Бүгінде шараға келетіндігін 10 мемлекет мақұлдады», - деді вице-министр.