Қостанайдың облыстық ауруханасында пациенттен таяқ жеген дәрігер Антон Кистанов айыпталушыдан 2 млн теңге моральдық шығын талап етті. Айыпталушы зиянды өтеуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот процесі жалғасуда.
Еске салайық, оқиға 2025 жылдың шілдесінде болған: науқас қабылдау бөлімінде дәрігерге шабуыл жасаған, соққыдан кейін дәрігер жансақтау бөліміне түсті, кейін санавиация арқылы Астанаға жеткізілді. Жәбірленуші – 34 жастағы уролог-дәрігер Антон Кистанов.
34 жастағы күдікті – Абылайхан Сәрінжіпов. Бұрын сотталған. Бұл іс бойынша сот процесі кеше басталған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 17 шілдеде Қостанай облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінде болған. Сәрінжіпов бүйрек шаншуы және бүйрек тасына күдікпен жедел жәрдем арқылы жеткізілгеннен кейін бірнеше сағат бойы дәрігер қабылдауын күткен. Сотта ол 16 шілдеге қараған түні дәрігердің оған ауырсынуды басатын екпе жасап, дәрі жазып бергенін айтты. Ал 17 шілде күні ауырсынуы күшейген соң облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жүгінгенін, тіркеу бөлімінде ұзақ күткенін және қызметкерлердің дөрекі сөйлегенін баяндады.
— Маған дөрекі сөйледі, «күтіңіз» деді. Бірақ ауырсынуға шыдай алмадым. Соңында дәрігер келгенде өзі де дөрекі сөйлеп, мені және өз қаламның дәрігерлерін балағаттады. Ашуға беріліп, соққы жасадым. Кінәмді мойындаймын, өкінемін, — деді айыпталушы.
Жәбірленушіге жабық бас-ми жарақаты, субдуралдық қан құйылу және бас сүйегінің негізінің сынуы диагнозы қойылды. Зақым «денсаулыққа ауыр зиян» деп танылды. Жарақаттың ауыр салдарынан дәрігер әлі күнге дейін жұмысқа шықпаған.
Еске салайық, осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы дәрігерлерге жасалған шабуылдар үшін заңнамалық шараларды әзірлеуді тапсырған болатын.
Кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілетінін хабарлады.