Ақмола облысының диқандары кейінгі 13 жылдағы рекордты жаңартпақ

Бүгін, 16:56 / Інжу Әлихан
Ақмола облысы әкімдігі

Ақмола облысы тағы да елдің басты астықты аймағы мәртебесін дәлелдеуде. Өңір диқандары 6 млн тонна егін жинады. Болжам бойынша биыл мұнда жалпы көлемі 7 млн тоннадан артық астық қамбаға құйылмақ. Бұл – соңғы 13 жылда болмаған нәтиже, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, егіс алқаптарындағы жұмыс тұрақты жүріп жатыр. Астықтың 80%-дан астамы жиналды, 156 шаруашылық толықтай науқанды аяқтады. Орташа өнімділік гектарына 15,9 центнерді құрады, жиналған астықтың басым бөлігі жоғары сапасымен ерекшеленеді. Бұған қолайлы ауа райымен қатар, маусымға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берген кешенді мемлекеттік қолдау ықпал етті.

Биыл егістік алқабы 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 млн гектарға жетті. «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында мыңға жуық фермер қаржыландырылып, машиналық-трактор паркін жаңартуға және шаруашылықтардың техникалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік алды. Дала жұмыстарында 20 мыңға жуық техника жұмылдырылған, ал жанар-жағармайға жеңілдікпен берілетін дизель толық көлемде бөлінді. Оның жеткізілімі кестеге сай жүріп жатыр, ешқандай іркіліс жоқ.

Өнімді қорғауға да айрықша көңіл бөлінді. Соңғы екі жылда майлы дақылдар алқабы 2,5 есеге өсіп, алғаш рет жарты миллион гектарға жетті. Миллиондаған гектарда химиялық арамшөпке қарсы өңдеу жүргізілді, ауру мен зиянкестерге қарсы өңдеу көлемі екі есеге артты. Минералды тыңайтқыштарды енгізу де айтарлықтай ұлғайып, астық сапасына тікелей әсер етті. Сонымен қатар, жоғары репродукциялы тұқымдар себілетін алқап көлемі де артып келеді, бұл болашақ рекордтық өнімнің негізін қалайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биылғы өнім соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш болмақ. Жалпы 7,2 млн тонна астық пен 650 мың тоннадан астам майлы дақыл жинау жоспарланып отыр.

«Бүгінгі нәтиже – мемлекет пен диқандардың бірлескен еңбегінің жемісі. Біз фермерлерді алдын ала жанар-жағармаймен және тыңайтқышпен қамтамасыз еттік, техниканы жаңарттық, егістікті қорғауды күшейттік. Барлық шара кешенді түрде жүзеге асырылып, жоғары нәтиже берді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 1,2 трлн теңгеге жетеді. Бұл – саланың тұрақты дамуы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Келер жылдың өнімі үшін шамамен 540 мың тонна тұқым толықтай құйылды. Біз оң қарқын сақталады деп сенеміз», – деді ведомство басшысы Нұрбек Бадырақов.

Сонымен бірге өңір мол өнімді қабылдауға толық дайын. Астық қабылдау кәсіпорындары, қоймалар мен шаруашылықтар толықтай әзірленген. Уақытша сақтау үшін астық қоймалары (қапшық-«жұмыртқа») қосымша пайдаланылуда, ал 260-тан астам астық кептіргіш кез келген көлемді сапалы өңдеуге мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Ақмола облысы Астық рекорд диқан