Мәжіліс депутаты Абзал Құспан желідегі парақшасында Жомарт Ертаевты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қайлының күші жойылғанын жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ертаевқа қатысты сот қаулысы бүгін бұзылды. Өтінішімді қолдап, әділ шешімге ықпал еткен ҚР Бас прокуратурасы Алматы облысының прокуроры мен сотына, сондай-ақ мәселені алғаш көтерген журналистер қауымына алғыс айтамын!», - деп жазған ол.
Айта кетейік, осы жылдың 2 қыркүйегінде Алматы облысының Алатау қаласының соты Жомарт Ертаевтың ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған рақымшылық актісін қолдану туралы өтінішін қарады. Сот шешімі негізінде оған рақымшылық актісі қолданылып, соған байланысты ол бостандыққа шықты.
2 қыркүйекке дейін ол 8 жыл 3 ай 14 күн бас бостандығынан айыру жазасын өтеген. Сотталушы 2018 жылдың 15 қарашасынан бері қамауда болған, бұл мерзім «бір күн – бір жарым күнге» есептеліп қосылған. Өтелмеген жаза мерзімі 11 ай 16 күнді құраған.