Маңғыстау облысындағы базарда ірі өрт шықты

Бүгін, 07:58 / Нұрлан Әлинұр
ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Маңғыстау облысында өткен түнде тұтанған ағаш базарындағы өртті сөндірді, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Екінші қазанға қараған түні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, Басқұдық ауылында өндірістік аймақ №3, 170-учаскеде орналасқан ағаш базары аумағында өрт шықты.

ТЖМ қызметкерлері оқиға орнына жеткен бойда ағаш қалдықтарының жанғанын анықтады. Төтенше жағдайлар департаментінің күштері шамамен 100 текше метр ағашты аман сақтап қалып, оттың жақын тұрған мейрамханаға таралуына жол бермеді. Жану ауданы шамамен 300 шаршы метрді құрады.

Өртті сөндіруге барлығы 13 бірлік техника және 50 адам жеке құрам жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.