«Жастар Рухының» белсенділері Жамбылдағы «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешенін тазалады

Бүгін, 19:21 / Дана Ізтілеуова

Жамбыл облысында «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы аясында «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері «Тұлғалар тұғыры» мемориалдық кешенінде тазалық акциясын өткізді. Бұл іс-шара абаттандыру жұмысынан бөлек, жастар үшін ел тарихын ұлықтаған тағылымды дәріске айналды.

Қордай ауданының Кенен ауылында орналасқан «Тұлғалар тұғыры» кешені ел тарихында аты қалған бірқатар дара тұлғаларға арналған. Мұнда жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасқан жауынгер Өтеген батыр, әділдігімен, шешендігімен танылған Кебекбай шешен, Жетісу өңірінің қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарған тұлға Ноғайбай би, сондай-ақ 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде алдыңғы қатарда жүрген ақындардың бірі Кенен Әзірбаев есімдері мәңгілікке қашалып жазылған.

«Бұл іс-шараның мәні тек тазалықпен шектелмейді. Бұл – тарихқа тағзым, елді қорғап, іргесін бекіткен бабалар рухына құрмет. Ата-бабамыздың ерен еңбегі, бірлігі, туған жерге адалдығы бізге мәңгі өнеге. Осындай ескерткіштер бүгінгі ұрпақ үшін нағыз патриотизм мектебі. Егер бірлікті жоғалтсақ, бізді халық қылып ұйыстыратын қасиетті құндылықтардан айырылып қалуымыз мүмкін», – дейді жергілікті тұрғын Көшербай Абдраманұлы.

Вандализмге қарсы күрес – «AMANAT» партиясының басты міндеттерінің бірі. Себебі ескерткіштерді бүлдіру – халықтың тарихи жадына жасалған қастандық. Өткен жылдың жазында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализм әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейтетін арнайы заңға қол қойды. Бұл құжатты Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері әзірлеген болатын.

Заң – қоғам талабының айқын көрінісі. Себебі вандализмге қарсы азаматтық петицияны мыңдаған тұрғын мен «Жастар Рухы» жастар қанаты қолдаған еді.

«Тұлғалар тұғыры» – қасиетті мекен, ұлттық бірліктің және ұрпақтар сабақтастығының символы. Бұл кешен елдің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін дәріптейді. Жастар олардың ерлігін, еңбегін білуі тиіс. Өйткені тарихын білмеген халықтың болашағы болмайды», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова.