АҚШ-та жастардың ойлау қабілеті екі есе нашарлаған

Бүгін, 18:17 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

АҚШ-та жастар арасында есте сақтау, бір нәрсеге ден қою және шешім қабылдаудағы қиындықтар кейінгі он жылда екі есе өскен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Neurology журналында жарияланған зерттеуде 2013–2023 жылдар аралығында телефон арқылы сауалнамаға қатысқан 4,5 миллион адамның деректері талданды. Нәтижесінде когнитивті проблемаларға шағымданғандар үлесі жалпы 5,3%-дан 7,4%-ға көтерілген, ал 18–39 жас аралығындағы азаматтарда көрсеткіш 5,1%-дан 9,7%-ға дейін жеткен.

Ғалымдар бұл өсімнің себебін нақты айта алмай отыр. Йель медицина мектебінің неврологы Адам де Хавенон мұны мидың шынайы денсаулығының нашарлауымен де, сондай-ақ жастардың өз мәселесін мойындап, ашық айтуымен де байланыстыруға болатынын айтады. Дегенмен, зерттеу әлеуметтік жағдайдың үлкен рөл ойнайтынын көрсетті: жылына 35 мың доллардан аз табатындар мен мектеп бітірмегендер арасында когнитивті қиындықтар айтарлықтай жиілеген. Этникалық топтардың бәрінде де өсім бар, бірақ ең үлкен көрсеткіш байырғы америкалықтарда тіркелген.

Қызығы, 70 жастан асқан қарттарда мұндай проблемалар, керісінше, аздап төмендеген. Сарапшылар мұның себебін әлі толық түсіндіре алмайды. Бірақ смартфондардағы тәуелділік, әлеуметтік желілердің ықпалы, табыс теңсіздігі мен өмірдің тұрақсыздығы жастардың ми саулығына кері әсер етуі мүмкін деген болжам бар.

Ғалымдар мұндай үрдіс алдағы жылдары күшейіп кетуі мүмкін деп ескертеді. Экономикалық және әлеуметтік кедергілерді шешу оңай емес, бірақ әркімнің қолынан келетіні бар: экраннан аз уақыт өткізіп, табиғатқа көбірек шығу.

Тэгтер:

АҚШ жастар есте сақтау