440 мыңнан астам студент ЖИ бойынша сертификат алды – Мемлекет басшысы

Бүгін, 14:35 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған басты мақсат отандық технологияны жан-жақты дамыту және мықты IT мамандарын даярлау екеніне мән берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы негізгі басымдықтарға тоқталды.

– Университеттер жаңа заманға сай мамандар дайындауға тиіс. Қазақстанның инженерлері, зерттеушілері және кәсіпкерлері бүкіл әлемнің қажетіне жарайтын озық технологияларды ойлап табуға қабілетті болуы керек. Жыл басында елімізде AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. Осы жоба аясында 440 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласы бойынша арнайы сертификатқа ие болды. Мұндай бағдарламалардың пайдасы мол, себебі дәл осындай алаңдарда ең үздік жобалар өз алдына стартап ретінде қалыптасып, халықаралық нарыққа шыға бастайды. Алайда біз әлемдік нарықта жасанды интеллект мамандарына деген сұраныстың өте жоғары екенін ұмытпауымыз керек және алдағы уақытта бұл сұраныс тек өсе бермек. Мұндай жағдайда, тіпті, білім беру жүйесінің мүмкіндігі де шектеулі болары анық. Сол себепті қазіргі озық технология дәуірінде әр маман иесі өзінің негізгі кәсібімен қатар, цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында қолдана білгені жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінде елімізде жасанды интеллект мамандарын оқытатын арнайы оқу орны жоқ екеніне, олар тек жекелеген университеттерде білім алатынына назар аударды.

– Бұл мәселені қолға алып, нақты шешім қабылдау керек. Әлемде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде Мұхаммед бен Заид атындағы мамандандырылған Жасанды интеллект университеті құрылды. Қазақстанда 79 университетте ІТ мамандығы бойынша 63 мыңнан астам студент оқиды. Былтырдан бері білім беру бағдарламаларына Жасанды интеллект пәні жаппай енгізіліп жатыр. Сондай-ақ университеттерде жасанды интеллект жөніндегі ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Білікті ғалымдарымыз былтыр KazLLM атты қазақ тілінің жеке моделін жасап шығарды. Осының бәрі өте маңызды жобалар екені сөзсіз. Бірақ алда ауқымды жұмыс бар, – деді Мемлекет басшысы.