Түркістанда қолдан жасалған «Nesquit» пен «KatKit» шоколадтары тәркіленді

Бүгін, 12:49 / Інжу Әлихан
скриншот

Түркістан облысында 37 мыңнан астам қолдан жасалған шоколад батончиктері тәркіленді, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Оtyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Түркістан облысы, Алматы және Шымкент қалаларының әділет департаменттері Сайрам ауданында бірлескен жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексерістің себебі шоколад батончиктері мен кондитерлік өнімдер шығаратын халықаралық компанияның құқық иесі ретінде берген арызы болды.

Осылайша құқық иесінің мүддесін бұза отырып сатылып келген 37 мыңнан астам контрафакт өнім тәркіленді. Белгілі сауда маркаларына ұқсатып жасалған, бірақ атаулары өзгертілген "KatKit", "Nesquit" және "Зайка" деген атаумен адал емес кәсіпкерлер қолдан жасалған шоколад өнімдерін өткізуге тырысқан.

"Бұл жағдай зияткерлік меншік нысандарын заңсыз пайдаланудың жол берілмейтінін көрсетеді және бұл саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін кешенді шаралардың маңызын айқындайды. Қазір іс материалдары кінәлі адамдарды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту үшін сотқа жолданды", – деді Шымкент Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімі басшысы Мұхтар Абдезов.

Алайда өнімді кім, қандай жағдайда және қандай құрамдас бөліктерден жасағаны белгісіз. Сонымен бірге оның адам денсаулығына қауіпті болуы да мүмкін. Бұған байланысты тұтынушыларға шоколад өнімдерін тек түпнұсқа сауда маркаларымен және ірі бөлшек сауда желілерінен сатып алуға қатаң кеңес беріледі.

Тэгтер:

Түркістан шоколад