Қырғызстанда өлім жазасы қайтарылады

Бүгін, 12:30 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елде өлім жазасын енгізуді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Президент Әкімшілігінің құқықтық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Мұрат Укушевке балаларға, қыздарға және әйелдерге қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті барынша қатаңдатуды көздейтін заңнамаға өзгерістер дайындауды тапсырды», – деп жазды Асхат Алагөзов Facebook желісінде.

Атап айтқанда, балаларды зорлау, сондай-ақ әйелдерді зорлап өлтіру жағдайларына өлім жазасын енгізу туралы норма қарастырылып отыр.

Жапаровтың баспасөз хатшысының айтуынша, президент кәмелетке толмаған Айсұлудың аса қатыгездікпен өлтірілгені туралы хабарды терең өкінішпен қабылдап, істі жеке бақылауына алған.

Ыстықкөлдегі қыздың қатыгездікпен өлтірілуі

27 қыркүйекте Ыстықкөлде 17 жастағы Айсұлу жоғалып кеткен. Ол көрші ауылдағы құрбысына қонаққа барғаннан кейін байланысқа шықпаған. 29 қыркүйекте оның денесі Боом шатқалынан табылды. Күдікті ретінде 41 жастағы Бішкек тұрғыны ұсталды.

Тергеуде ер адам қызды ұрлап, зорлап, өлтіргенін мойындады. Айсулууның денесін ол Ыстықкөлдің жанына көміп, кейін қайта оралып, қазып алып, Боом шатқалына тастаған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, күдікті бұрын да жыныстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған, бірақ жазадан құтылып кеткен.

Тэгтер:

Қырғызстан өлім жазасы