Конго Демократиялық Республикасының әскери соты елдің бұрынғы президенті Жозеф Кабиланы мемлекеттік опасыздық пен әскери қылмыстар жасады деп танып, оған сырттай өлім жазасын тағайындады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, Кабила Руандамен және оны қолдайтын M23 көтерілісшілер тобымен ынтымақтасқан. Бұл топ биылғы қаңтарда елдің шығысындағы бірнеше стратегиялық қалаларды басып алған.
Сот сондай-ақ экс-президентті дереу қамауға алуды бұйырып, мемлекет пайдасына 29 миллиард доллар және Солтүстік пен Оңтүстік Киву провинцияларының әрқайсысына 2 миллиард доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.
Алайда сотталған бұрынғы президенттің қайда екені белгісіз. Оны соңғы рет жылдың басында көтерілісшілер бақылауындағы қалада көрген. Шілдеден бері ол сырттай сотталып келді.
Кабиланың өзі айыптарды жоққа шығарғанымен, ақпанда оңтүстікафрикалық Sunday Times газетінде жарияланған мақаласында M23 қозғалысын қолдайтынын білдірген.
Жозеф Кабила 2001 жылдан 2019 жылға дейін КДР-ды басқарды. Ол әкесi, президент Лоран Кабиланы өлтіргеннен кейін 29 жасында билікке келген. 2017 жылы оның мандаты аяқталғаннан кейін де билікте қалып, сайлауды екі жылға кейінге қалдырды. 2018 жылғы сайлауда оның кандидаты жеңіліп, президент болып Феликс Чисекеди сайланды. Ол елді бүгінге дейін басқарып келеді.
БҰҰ деректері бойынша, биылғы жылы M23 қатысқан қақтығыстар салдарынан шамамен 3 мың адам қаза тауып, 7 миллионнан астам тұрғын босқынға айналды.