Жамбылда келіншек туыстарының атына 22 млн теңге несие рәсімдеген

Бүгін, 10:14 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысында келіншек туыстары мен таныстарының деректері мен суреттерін пайдаланып, мобильді қосымшалар арқылы олардың атына 22 млн теңге несие рәсімдеген. Сот оның кішкентай балаларының барын ескеріп, жазаны өтеуді кейінге қалдырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жалпы келтірілген залал 22 млн теңгеден асты. Әйел ақшаның бір бөлігін жәбірленушілерге «үлес» ретінде қайтарған, қалғанын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

«Кінәсі тараптардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен, несиелерді алу туралы банктік растаулармен және банк үзінділерімен дәлелденді. Сотталушы кінәсін мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді», – деп хабарлады сот.

Кейбір жәбірленушілер әйелді кешіргенін айтып, талаптарынан бас тартты. Дегенмен азаматтық істер ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан 14,3 млн теңге өндіріп алынды.

Сот әйелдің екі кішкентай баласының барын жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Нәтижесінде ҚР ҚК 190-бабы («ірі көлемде, бірнеше рет жасалған алаяқтық») бойынша оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Амнистияға байланысты мерзім 3 жылға қысқартылды.

«Сот үкімімен М. ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1), 4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Оған түпкілікті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеу үш жылға шегерілді», – деп нақтылады сот.

Үкім заңды күшіне енді.

Тэгтер:

несие Жамбыл келіншек