Қарулы күштердің әскери қызметкері 600 шақырымдық марафонды еңсеріп, рекорд орнатты

Бүгін, 09:52 / Інжу Әлихан
gov.kz

Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімше командирі 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов Астана – Көкшетау – Астана бағыты бойынша жаңа рекорд орнатып, кезекті 600 шақырымдық супермарафондық қашықтықты бағындырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

5 күн бұрын елорданың «Көктал» саябағынан марафонды бастаған әскери қызметкер Қорғаныс министрлігінің ғимараты алдында мәреге жетті. Мұнда оны салтанатты жағдайда қарсы алды. Әскери оркестр өнер көрсетіп, марафоншымен және онымен күн сайын бірге еріп жүрген команданы бауырсақпен сыйлап, сап алаңында қуаныш пен мақтаныш сезімге толы ерекше атмосфера орнады.

Жеңімпазды Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы, қызметтестері мен туған-туыстары қарсы алды. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров 3-сыныпты сержант Рауан Әбілхановтың бұл жетістігі әскери қызметшілердің рухын көтеріп, табандылығы мен патриотизмінің жарқын үлгісі болғанын атап өтті.

– Спорт пен армия – егіз ұғым, – деді ол. – 3-сыныпты сержант Рауан Әбілхановтың жеңістері спортты насихаттап, Қарулы күштердің әскери қызметшілерін жаңа жетістіктерге жетелейді.

Марафоншының өзі бұл рекордқа жету оңай болмағанын мойындады. Дегенмен, Қорғаныс министрлігі басшылығының, командирлерінің, жақындары мен жерлестерінің, сондай-ақ көптеген қазақстандықтардың қолдауы оған үлкен күш берген. Ауа райының күрт нашарлауына қарамастан, ол күніне 120 шақырым жүгіріп, өте ауыр қашықтықты еңсере алды. Мақсатына жетуге деген табандылығы мен тұрақты жаттығулары 3-сыныпты сержант Рауан Әбілхановқа қажетті қарқынды сақтап, жүгіруді жалғастыруға мүмкіндік берді.

Әскери марафоншының айтуынша, бөлім басшылығы оған дайындық үшін екі ай уақыт берген. Ол күн сайын 40 шақырымнан астам қашықтықты жүгіріп отырған. Бұл рекорд Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында бұрынғы қазақстандық ультрамарафон рекордтарын жаңартты.

9 баланың әкесі армияда 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. 2022 жылы ол Алматы облысындағы «Әли» оқу орталығы мен Шелек ауылы арасындағы 350 шақырымдық қашықтықты 48 сағатта жүгіріп өтіп, Қазақстан рекордтар кітабына енген болатын. 42 жастағы Рауан Әбілхановтың отбасында 8 қыз бен бір ұл тәрбиеленуде. Ол 15 жылдан астам уақыттан бері жеңіл атлетикамен айналысып келеді және Алматы қаласы мен Қарулы күштер ұйымдастырған марафондардың бірнеше дүркін жеңімпазы.