Енді ХҚКО-ға тапсырыс беріп, құжаттарды үйге алдыртуға болады

Бүгін, 14:37 / Алуа Арман
Фото: gov4c.kz

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) жаңа қызметті – дайын құжаттарды көрсетілген мекенжайға жеткізу қызметін іске қосты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа сервис қалай жұмыс істейді?

Бұл бастама «Халыққа қызмет көрсету бөлімінің менеджері» пилоттық жобасы аясында жүзеге асырылып, мемлекеттік корпорацияның фронт-кеңселерінде қолжетімді.

Енді өтініш берген кезде ХҚКО қызметкері дайын құжатты үйге немесе кеңсеге жеткізуді рәсімдеуді ұсына алады. Ол үшін мекенжайды көрсету және қызметтің ақысын екінші деңгейлі кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлеу жеткілікті.

Жеткізу құны:

1990 теңге – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында;

1000 теңге – өңірлік бөлімшелерде.

Курьерлік жеткізу 15 мемлекеттік қызмет түрі бойынша қолжетімді, соның ішінде:

баланың туу туралы куәлігі;

некені бұзу туралы куәлік;

туу, неке, ажырасу және өлім туралы қайталама куәліктер мен мұрағаттық анықтамалар;

білім туралы құжаттардың көшірмелері;

азаматтық хал актілерін қалпына келтіру;

ресми құжаттарға апостиль қою.

Маңызды: жеткізуді рәсімдеу тек ХҚКО-ға өтініш берген кезде мүмкін болады.

Хабарламалар және жеткізуді қадағалау

Құжат дайын болған соң азаматқа 1414 нөмірінен бірегей коды бар SMS-хабарлама келеді. Кейін курьер жеткізу уақытын нақтылау үшін хабарласады. Құжаттарды тапсыру кезінде жеке басын куәлік және растау коды арқылы сәйкестендіру жүргізіледі.

Сонымен қатар, жеткізудің мәртебесін «ХҚКО» мобильді қосымшасында (App Store және Google Play-де қолжетімді) «Құжаттарды жеткізу» бөлімі арқылы қадағалауға болады. Авторизация ЖСН мен телефон нөмірі бойынша жүргізіледі.

Жаңа қызмет азаматтарды ХҚКО-ға қайта бару қажеттілігінен босатып, қолайлылықты арттырады және құжаттарды алу кезінде құпиялылықты қамтамасыз етеді.

Тэгтер:

Құжат ХҚКО тапсырыс беру