Елімізге күні кеше келген Италия президенті Серджо Маттарелланың ресми сапары аяқталды. Сапар аясында Қазақстан мен Италия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастық берік саяси диалогқа, қарқынды экономикалық серіктестікке және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарға арқа сүйейтінін атап өтті. Серджо Маттарелланың Астана мен Рим арасындағы серіктестікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосқанына назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Римге жасаған ресми сапары барысында Қазақстан – Италия ынтымақтастығына тың серпін берген маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне тоқталды.
– Италия Қазақстанның үш ірі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Экономикалық ықпалдастығымыз өте қарқынды дамып келеді және оны одан әрі арттырудың әлеуеті зор. Сіздің еліңіздің экспортты ұлғайту жөніндегі жоспарын құптаймыз. Италияның соңғы жиырма жылда экономикамызға құйған инвестициясы 7,6 миллиард долларға жетті. Бүгінде қазақ жерінде 250 италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.