Солтүстік Қазақстанда үй құстары белгісіз аурудан қырылып жатыр

Бүгін, 08:53 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Бугровое ауылының тұрғындары дабыл қағып отыр. Қорадан күнде қаз, тауық пен күркетауықтың ондаған өлексесі табылуда, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Бүгінде ресми мәліметке сәйкес, құстың 300-ге жуық басы қырылған. Алайда жұрттың пайымдауынша өлген құстың саны бұдан әлдеқайда көп.

"Бір түнде құстың 600 басы қырылды. Оның дені құс тұмауынан екпе алмағандар. Демек екпе жасауға әлі уақыты келмеген. Біз шаруашылықты жүргізу үшін 13 млн теңге несие алдық. Енді оны қалай жабарымызды білмей отырмыз", - дейді ауыл тұрғыны Ольга Чуяс.

Құстың қырылуы бес күн бұрын басталған. Ветеринарлар бірден құс тұмауына қан сараптамасын алған. Алайда дерт расталмады. Енді сала мамандары басқа сараптаманың қорытындысын күтіп отыр.

"Сараптама кезінде құстардың өкпесі тексерілді. Таза болып шықты. Демек құс тұмауы жоқ. Бірақ бауыры зақымдалған. Яғни бірдеңеден улануы мүмкін. Жем-шөптен болуы мүмкін. Пастеррилиоз дертіне сараптама алынды. Жақын арада қорытындысы келеді. Біз ертеңнен бастап дезинфекция жұмысын қолға аламыз", - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов.