Пойызға кешігіп қалған қыз машинист кабинасына тас лақтырған

Бүгін, 08:30 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Көлік полицейлері Ақмола облысының 22 жастағы тұрғынын пойызға залал келтіргені үшін жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға Елтай станциясында Көкшетау – Нұрлы Жол бағытындағы электр пойызы жөнелтілген кезде болған.

Көліктегі ПД бастығының орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, пойызға кешіккен 22 жастағы қызы есіктердің жабылып қалғанын көріп, машинист кабинасына тас лақтырған. Салдарынан алдыңғы әйнек сынған.

"Бұл әрекет қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төнуіне әкеп соғуы мүмкін еді. Абырой болғанда локомотив бригадасының мүшелері жарақат алған жоқ. Құқық бұзушы бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін жауапкершілікке тартылды", - дейді Мәжікенов.

Ол мұндай әрекеттер тек адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін, сонымен қатар теміржол көлігінің тұрақты жұмысына кері әсер етіп, қозғалыс кестесінің бұзылуына және апаттық жағдайлардың туындауына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетері, 2025 жылдың басынан бері Көліктегі ПД 1 170 шұғыл тежеу фактісін тіркеді. Оның ішінде 20 факт тоқтату кранын өз бетінше пайдаланудан, 4 жолға бөгде заттың қойылуынан, ал 49 жылжымалы құрам әйнектерінің бүлінуінен болған.