Тісіңіз сарғайып кетті ме? Дәрігер себебін атады

Бүгін, 08:57 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Стоматолог-гигиенист Инна Гришина "Lenta.ru" басылымына берген сұхбатында тістің түсі өзгеруіне ғана емес, ауыз қуысының жалпы жағдайына әсер ететін бірнеше факторды атады.

Дәрігер кофе, шай және шарапты шамадан тыс тұтыну салдарынан тіс сарғайып кетуі мүмкін екенін айтты. Маманның сөзінше, бұған кейбір дәрі-дәрмектерді ішу немесе темекі шегу де ықпал етуі мүмкін.

"Темекідегі никотин мен шайыр тіс кіреукесінің сарғыш немесе сұр реңкке енуіне әсер етеді. Темекі түтіні ауыз қуысының әртүрлі аурулары пайда болуына ықпал етуі мүмкін, бұл тістің жай-күйін одан әрі нашарлатады. Ал ағартатын әдістерді дұрыс қолданбау тіс кіреукесіне химиялық зақым келтіруі, бұл да өз кезегінде тістің қараюына әкеп соғуы мүмкін", - деп ескертті ол.

Инна Гришинаның айтуынша, тіс кіреукесінің сарғаюы ауыз қуысын дұрыс тазаламаудың салдары болуы да мүмкін.

"Тісіңізді күніне кемінде екі рет тазаламасаңыз, тіс кіреукесі сарғайып қана қоймай, стоматологиялық проблемалар пайда болады", - деді ол.

Сөз соңында дәрігер тіс кіреукесінің түсіне бауыр мен бүйрек аурулары, сондай-ақ, фтордан жасалған тіс пасталарын пайдалану әсер етуі мүмкін екенін айтты.