Шымкент әуежайына халықаралық мәртебе берілді

Бүгін, 06:10 / Нұрлан Әлинұр
Gov.kz

Шымкент халықаралық әуежайы беделді RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесіне ие болды. Бұл әуежайдың Еуропалық Одақтың жүктерді өңдеудегі авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін білдіреді, деп хабарлайды turkystan.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуежайға KZ/RA3/00004-01 бірегей тіркеу нөмірі берілді. Бұл мәртебе ЕО елдеріне қосымша транзиттік тексерулерсіз тікелей жүк тасымалдауға жол ашып, жеткізу уақытын қысқартуға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа сертификат Шымкенттің халықаралық авиатасымалдаушылар мен логистикалық компаниялар үшін тартымдылығын арттырып, әуежайды Орталық Азиядағы басты жүк хабтарының біріне айналдыруға ықпал етпек. Сондай-ақ бұл Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейтуге серпін береді.